«Жаңа жылдан бастап өмірімді өзгертемін». «Спортпен айналысамын». «1 қаңтардан тіл үйрету курстарына барамын». «Жаңа жылға көйлек алу керек». «Жаңа жылдық дастарқанды қалай жасаймыз, үйді қалай сәндейміз?». Желтоқсан айының соңғы күндері осындай сөздерді жиі естиміз. Бірі келер жылға жоспар құрады, келесісі жаңа жылды қарсы алудың қамында болады. Дастарқан әдемі болуы үшін бар жиған тергенін шашып, келесі айда ақша таппай қиналатындарды да кездестіреміз. Жаңа жылды қалай дұрыс жоспарлау керек? Қандай кезде армандарымыз жүзеге асады? Мақсатқа жету үшін нені білу қажет? Жаңа жылды қарызсыз қарсы алу керек деген нені білдіреді? Тәжірибелі психолог Мәди Төлегенов осы сұрақтарға жауап берді.
«Жаңа жылды тойлауға 60 мың теңге жетпейді»
Кейіпкеріміз Айжан жаңа жылға дайындықты екі апта алдын бастаған. Өйткені, оның 3 бірдей баласы мектепте оқиды. Барлығының жаңажылдық киімі, жаңажылдық сыйлығы, мектепке «тапсыратын» ақшасы бар. Тағы балаларының өтінішімен жаңа жылдың басты нышаны – шырша сатып алып, оны безендіруі керек. Мерекелік дастарқанның да қамына кірісіп, сусын, етті алып қойды. Бірақ әлі сатып алатын дүние көп. Жаңа жылды жаңа жиһазбен күтіп алуды да ойлап қояды. Одан қалса, Айжанның өзінің жұмысында да мерекелік кеш (корпоративка) күтіп тұр. Оған жаңа көйлек алу керек, жылына бір рет тойланатын мейрамда шашын да сәндеп, бетін де әрлеп, сұлу болып барғысы келеді. Бірақ 60 мың теңге айлығын қайда жеткізерін білмей уайымдап жүр.
Айжан, қала тұрғыны:
– Жаңа жыл мерекесі – мерекелердің ішіндегі ең әдемі, әсерлі, жарық пен қуанышқа толы мереке. Сондықтан барынша жақсы тойлағың келеді. Келесі жылы молшылық болсын деп, барымызды шашып төгіп жатырмыз. Айлығым жетпейді, қарыз алайын десем, Жаңа жылды қарызбен қарсы алуға болмайды деген сенім бар. Алмайын десең, осы айда барлығын жұмсап, «келесі айда не істейм?» деген тағы бір сұрақ мазалайды. Не болса да, жоқтан бар жасауға тырысып жатырмын. Жаңа жыл жақсылығымен келсін, әйтеуір.
Ал Әлияның бала-шағасы жоқ. Айлығы өзіне, жаңажылдық шығынына жетеді. Бар арман-мақсаты – ағылшын тілін меңгеру. Бірақ жұмыс, үй деп курсқа жазылуға уақыт таппай жүр. «Жаңа жылдан бастаймын» деп өзін сендіріп отыр. Алдыңғы жылы да өзіне дәл сондай уәде бірген, бірақ…
Мәди Төлегенов, тәжірибелі психолог:
– Психологиялық тұрғыдан алатын болсақ, әр адам Жаңа жылдан бейсана түрде үлкен үміт күтеді. Біріне бұл жыл ұнамады, келесі адамға ұнады. Бірі үшін сәттілікке толы болды, екінші біреу үшін сәтсіздіктер көп болды. Сол үшін Жаңа жылда жақсылық екі еселенсе, сәтсіздіктер қайталанбаса деп үміттенеді. Бірақ адам Жаңа жылдың алдында өзіне жылдық есеп бермегенше, ойлағаны жүзеге аспайды. Өткен жылда қандай жақсылықтар, қандай жамандықтар болды, кім саған жақсылық жасады, сен кімге жақсылық жасадың, сен кімнің көңілін қалдырдың, кімді ренжіттің, сені кім ренжітті? Міндетті түрде уақыт тауып, осы сұрақтарға жауап іздеңіз. Өмірде мынадай заң бар, «Егер сен өмір туралы ойланбасаң, сені өмір ойлануға мәжбүрлейді». Құдай сақтасын, әрине, бірақ біреулер ауруханаға түседі, бірі одан да ауыр қиындықтарға душар болады, басқа да жағдайлар өмір туралы ойлануды мәжбүрлейді. Не үшін? Демек өмірдің заңына қайшы әрекеттер жасағандықтан. Сондай жағдай аз болу үшін есеп беру керек. Біреуді ренжіткен болсаңыз, бірінші ол адамнан өз ішіңізден кешірім сұраңыз. Бірақ алдымен өзіңізді кешіруіңіз керек. Кешірмеген жағдайда, өзіңізді бейсана түрде жазалай бересіз. Бір адамдар қиын жағдайға тап болғанда «Құдай-ау, мен не істедім?» деп жылап, өкпелеп жатады. Адам құдайдың алдында барлығын дұрыс жасап отырмын, мені неге жазалады деп ойлайды. Бірақ, өмір жазаласа бірнәрсе қате деген сөз. «Ал ол қандай қате?» деп сұрақ қойғанның өзі үлкен көмек береді.
«Жаңа жыл – тапқаныңды жан-жаққа шашу емес»
Сондай-ақ жаңа жылдың алдында ақшамызға есеп бермей шығыннан шыға алмай қаламыз. Соңғы тиынымызды дастарқанға сарп етіп, келер айда сан соғып қалатындар табылады. Осы тұрғыда психологтың өз айтары бар.
– Кейбір ырым-тыйым, сенімдер бойынша адамдар жаңа жылды қарызсыз қарсы алуға тырысады. Ол өте дұрыс. Өйткені ол өзіне бейсана түрде барлық ауыртпалық өткен жылмен қалсын деген ой арқылы бағдарлама береді. Ал шығынға келсек. Қазақтар дастарқанға барын қойып, ақшасының барлығын соған жұмсайды. Халық психологиясы деген бар, яғни сол халыққа тән дүниелер деген сөз. Ата-бабаларымыз да «Құдай саған бірнәрсе бергенін қаласаң, сен де оған бірдеңе бер» деп өмір сүрген. Сол сияқты адамдар бейсана түрде жаңа жылдан жақсы табыс, бақыт қаласаң, орнына мол дастарқан беруің керек деп ойлайды. Үйді жаңа жиһазбен толтырып, дастарқанды жайнатып тастап мерекені күткен жақсы, әрине, бірақ сол күнмен өмір тоқтап қалмайтынын ұмытпау керек. «Жаңа жылды жақсы қарсы ал» деген сөз ол тапқаныңды шашып төгу емес, ішкі дүниеңді, өзіңді болашаққа аш, дайын бол деген жақтан айтылған,-дейді Мәди Төлегенұлы.
Мақсат қойма, ниет ет!
Мәди Төлегенов адамдардың жаңа жылды жоспарлау кезінде жіберетін ең үлкен қателігі жайлы да сөз етті.
– Көпшілік жаңа жылды жоспарлаған кезде, «Келесі жылы мен табысқа жетемін, бақыт-байлыққа қол жеткіземін» деп мақсат қояды. Бұл дұрыс емес. Адам мақсат қоймауы керек. Неге? Мақсат қойған адам діттегеніне жетпей қалса, үлкен өкінішке душар болады, жетсе үлкен қуанышқа кенелмейді. Қуаныш көп, өкініш аз болуы үшін адам «келер жылы осындай жоспарым бар, соны жүзеге асырсам» деп ниет ету керек. Мақсат пен ниеттің айрмашылығы: мақсат қойған кезде одан басқа ештеңені көрмейсің, жету үшін күнде сол бір бағытпен ғана жүресің, жан-жақтағы өмір қалып кетеді. Адам басқа да бағыт, бақыт барын байқамайды. «Мақсат қойсам, сол үшін бәрін жасасам ертелі кеш жетемін» деп ой түйетіндер бар. Иә, ертелі-кеш жетесіз, бірақ ол сізге ол кезде керек бола ма? Жеткен кезде ләззат аласыз ба? Ал ниет қойса, көп күшін жұмсамайды, ойы, күші, назары жан-жаққа жетеді. Ниетіне жетпей қалса, өкініші аз болады. Жетсе, қуанышы екі есе артады. Әрі, мен дұрыс өмір сүріп жатыр екенмін, Құдайдың қолдады деген ұғам пайда болады. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді». Егер мақсат қойсаң, бұйырмаса қандай тірлік жасасаң да жете алмайсың. Өйткені бұл өмірде сенің мақсатыңан басқа да заңдар, құбылыс, басқа күштер бар, табиғат бар, басқа адмның ниеті бар,одан қала берді Құдайдың да өз жоспары бар. Көбі мақсат қойып, жете алмай көңіл күйі түсіп, өмірге деген көзқарасы жаман жаққа қарай өзгере бастайды. Бұл жыл мен үшін сәтті болмады деп, келесі жылы бақыт әкелсін деп тура сол қателікті жасайды. Ал, егер ниетіңізде орындалмай, ниетіңізге жетпей жатсаңыз, онда бар мәселе сізде болуы мүмкін. Сондықтан «Мен ниетіме жету үшін не істедім, не істемедім, қолымнан не келді, не келмеді?» деп сұрақ қойып, оған шынайы жауап беру керек. Шынайы дегені, қолыңнан келмеген, жасамаған дүниені мойындап, соны түзету керек,-дейді психолог.
«Өзіңізге не керегін анықтамай, ойыңыз алға баспайды»
– Тағы бір кеңесім, ниет қойған кезде «Ол маған керек пе, не үшін қажет?» деген сұрақты өзіңізге қойыңыз. Көбінесе адам өзіне не керек екенін білмейді. Маған жақында бір клиент келді. «Мақсатым – джип алу» деп бірден айтты. Зерттей келе, оның табысы джипке жетпейтінін анықтадық. Соған қарамастан өз-өзін «қалайда қол жеткіземін» деп сендіреді екен. Әңгімелесе отырып, ол көліктің клиентімізге не үшін керектігін тағы зерттедік. Түбінде оған сол автокөлік керек емес болып шықты. Ол «сол көлікке мініп жүрсем, мына әлем мені байқайды, мені сыйлайды» деп ойлайды екен. Осыны клиентім түсінген кезде мақсатының оған түкке керек еместігін аңғарды. Айтайын дегенім, егер адам шынымен өзіне не керектігін түсінсе, қолынан келсе де келмесе де әркеттерді бейсаналы және саналы түрде орындала бастайды,-дейді маман.
Бүгінгі ісін ертеңге қалдыратындарға кеңес
Ал «тіл үйренуді жаңа жылдан кейін бастаймын» деп өз-өзін сендіріп, бірақ еріншектікті және басқа да себептерді жеңе алмайтын жандар жайлы да айттық. Оларға тәжірибелі психологтан тағы бір кеңес.
– Әрине, үлкен таңғажайып немесе тілектердің орындалуы дегенде адамдардың психологиясына Жаңа жыл мерекесі келеді. Жаңа жылдан үлкен жоспарлар күтіп, тың ойларын сол кезде жүзеге асырғысы келеді. Бірақ сол сенің қалаған дүниең шынымен керек болса, оны жаңа жылға қалдырудың түк те керегі жоқ. Ерекше күнді де күтпеңіз. Бүгіннен бастаңыз және күн сайын өзіңізге есеп беруді қолға алыңыз. Тағы да айтам, есеп бергенде шындықтан қашпаңыз. Ал егер сіз ол мақсатыңыздың өзіңізге керек екенін шындығында түсінбесеңіз, ертеңге қалдырып жүре бересіз.
Бақыт деген не?
Осылай деген Мәди Төлегенов адамды бақытты ететін Жаңа жыл деп ойлаудан аулақ болуға шақырды.
– Иә, Жаңа жыл ерекше күн. Адамдар күледі, ойнайды, билейді, балалар от шашу шашып, мәз болады. Ол – бір күндік нәрсе. Ал шынымен бақыт деген не екенін білесіз бе? Бақыт деген – көңіл толу. Яғни, өз-өзіңізге көңіліңіз толып, жан дүниеңізде тыныштық орнаған кезде жан-жағыңызға қарап көріңізші, міне, сол кезде нағыз бақыт не екенін түсінесіз. Ал көңіл толып, жаныңызда тыныштық орнауы үшін өмірден не керек екенін ойланыңыз, бір күн жеткіліксіз болуы мүмкін, бір ай ойланыңыз. Өз-өзіңізбен қалып, жоспар құрыңыз. Тағы бір рет қайталаймын, бастысы өзіңізбен шынайы болыңыз, алдаудың керегі жоқ. Өзіңе қаншалықты шынайы болсаң, соншалықты бақытқа жақын боласың,-дейді Мәди Төлегенұлы.
ТҮЙІН: Жаңа жылға әлі бір апта уақытыңыз бар. Сондықтан психологтың кеңесі сізге артықтық етпес. Ендеше мақаладан дұрыс деп есептегеніңізді ескеріп, ой түйіңіз. Қателікке бой алдырмаудың таптырмас жолын ұсындық, ендігі қадам өзіңізден. Жаңа жылдық ниеттеріңіз орындалсын!
Әлия Әділбек
«Оңтүстік Рабат» газеті, №52, 26 ЖЕЛТОҚСАН 2018 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті