Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі тойланды

Оқушылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдар

Кішкентай баланың аяғына ала жіп байлап, тұсауын кесу- оның аяғынан тік тұрып, сүрінбей ер жетсін деген қазақтың әдемі салт-дәстүрлерінің бірі. Тәттілерді шашып, келгендерге үлестіру де өмірі тәтті өтсін деген ниеттен туған салт. Қаламыздағы №88 мектеп ұжымы наурыз мерекесін тойлауды осындай  дәстүрді сахналаудан бастады.

Наурыз- жыл басы, жаңа күннің белгісі. Ол- халықтық мейрам. Сондықтан оны барлық адамдар атап өтуі тиіс. Осыны мақсат тұтқан білім ордасы түрлі байқаулар өткізді. Әр сынып оқушылары ұлттық салт-дәстүрімізді айшықтайтын қолдан жасалған қолөнер бұйымдар қойылған көрме ұйымдастырды.

Шуақты көктем мерекесін шақырған биші қыздар да мың бұрылып, би биледі. 900 адамға шақталған акт залы келген қонақтарға лық толды. Оқушылар мен ұстаздар ауылдың ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналарын шақырып, бар өнерлерін ортаға салды. Дәм дайындап, ас берді.

Тек жылуы мен шуағын шашып, қуанышқа бөлейтін төл мерекені жас та, кәрі де екекше қарсы алды. Ал №88 мектептің  ұстаздары ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жаскелең жас ұрпақтың санасына мәңгі жатталып қалса екен деп тілейді.

Бұл- апаларымыздың да тілегі. Керегесі биік шаңырақта қос бұрымын өріп, қазақы тақия киген немерелерін жанына жинап алған әжелеріміз наурыз мерекесінің мән-мағынасын түсіндіріп, оны тойлаудағы ерекшеліктерін, наурыз көженің жасалу жолдарын айтып берді.