Шымкент қаласының әкімі алғаш рет ашық қабылдау өткізді

669

Бүгін Шымкент қаласының әкімі алғаш рет ашық қабылдау өткізді. Екі сағат уақыт аралығында 12 қала тұрғынын қабылдап үлгерді. Олардың барлығы да қалалық әкімдік сайтында тіркеліп, қабылдауға жазылғандар.

Қабылдауға келгендердің көтерген мәселелері де сан алуан. Олардың бірі балалар алаңшасын салып беруді сұранса, енді бірі бағдаршам қоюды, ал енді бірі жұмысқа тұрғызуды және баспанамен қамтуға өтініш жасады. Тұрғындар өз өтініштерін ашық жеткізді тіпті көз жасын жасыра алмағандар да болды.

Ғабидолла Әбдірахымов алдағы уақытта тұрғындармен айына бір рет емес, енді 4 рет әр жұма сайын кездесіп отыратын болады. Қабылдауға жазылу үшін әкімдік кеңсесіне келудің қажеті жоқ, тек сайтты ашса болғаны. Барлық жағынан ашықтық қаралған.

«Әкімдік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты арттыру мақсатында мен азаматтарды жеке қабылдауды айына бір рет емес, апта сайын, әр жұма күні сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін өткізу туралы шешім қабылдадым. Азаматтарды қабылдауға жазылу онлайн режимде қала әкімдігінің сайты арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, азаматтардың ыңғайлылығы үшін біз әкімдік ғимаратының бірінші қабатында заманауи кабинет жабдықтадық», — деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кету керек, үшінші мегаполис әкімінің тұрғындармен кездесетін кабинеті — ашық шыны терезелерден жасалған.

Әкімнің қабылдауына жазылу үшін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы тіркелу формасын толтыру қажет.