Шымкентке республикалық маңыздағы қалаларға қатысты нормалар қолданылады

359

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының  әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституциялық Заңның жобасы ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 Жарлығын орындау үшін әзірленді, бұған сәйкес Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізілген болатын. Осы Жарлыққа сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қаланың санатына жатқызылып, ал Оңтүстік Қазақстан облысының аты Түркістан облысы деп өзгертілді және оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді.

Жарлық қабылданғанға дейін Қазақстанда республикалық маңызы бар қалалардың санатына Астана және Алматы қалалары жатқызылған еді.   Заң жобасының мақсаты нормативтік-құқықтық базаны Президенттің Жарлығына сәйкес келтіру болып табылады. Аталған заң жобасын қабылдау заңнамалық актілердің республикалық маңызы бар қалаларға қатысты нормаларын Шымкент қаласына да қолдануға мүмкіндік береді. Заң жобасын жұмыс тобы ауқымында талқылау кезінде Парламент Мәжілісі депутаттарының және Заңнама бөлімінің ұсыныстары қаралды.

Құжаттың бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында заң техникасы бойынша редакциялық, нақтылау сипатында түзетулер енгізілді.

Айта кетейік, бұл заң жобасы биыл қараша айында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.  Сонымен қатар, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының  әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдады.