Шымкентте қатты аяз болмағандықтан, саябақтарға көшет отырғызу жұмыстары жалғасып жатыр. «Жасыл қала» мекемесінің мамандары 6 түрлі дарақтарды егуде. «Қымбат қылқан жапырақты ағаштардан бөлек, ақ қайың, талшын және жөке ағаштары отырғызылады» дейді сала мамандары. Көшеттердің алдағы аяздарда күтімі қалай болмақ?
Дарақтардың бір бөлігі «Абай» саябағына отырғызылды. Ауа-райының салқындығына қарамастан 60 түрлі қарағай отырғызылған. Мамандардың айтуынша, дарақтардың жерсінуіне суық күн райы кері әсерін тигізбейді. Керісінше қылқан жапырақты ағаштар салқын және таулы аймақтарда өскендіктен барынша салқындықты сүйеді.
Ермахан Нақыпов, маман: «Қазылған шұңқырдың көлемі 60 см. Дарақтың діңгегіндегі салафанды алып тастаймыз. Сосын ыңғайлап отырғызып, көмеміз. Бұлар салқынды жақсы көреді, солтүстіктен әкелінген ғой”.
Алматы мен Жамбыл облыстарынан жеткізілген көшеттер «Абай», «Этносаябақ» және «Неке сарайының» маңайына отырғызылады. Мамандардың айтуынша, 500 еуропалық және 250 қырым қарағайы бар.
Қыдырбай Егембердиев, маман: “Бір ғана “Абай” саябағына 270 көшет егіледі. Бүгінгі таңда 170-і егілді. Әлі 115 дарақ егуіміз керек».
«Жасыл қала» мемлекеттік мекемесінің басшылары көшет отырғызу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Әзірге мекеменің үш бригадасы жұмылдырылған.
Нұрлан Күдерұлы