Шымкенттің жедел жәрдем қызметі өлім аузынан екі айлық сәбиді аман алып қалды. Дер кезінде жүргізілген ем-домның арқасында нәрестенің жағдайы қалпына түсіп, ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, осы оқиға бойынша шақырту күндізгі сағат 11:12-де тіркелген. Екі айлық сәбидің туыстары оның ес-түссіз жатқанын жеткізген.
«Шақыртуды №17 бригада қабылдап алды. Олар науқастың үйіне жетіп, сәбидің жағдайын тексерген. Дәрігерлер баланы қарау кезінде оның есін жоғалтқанын, жүрек қағысы нашарлап кеткенін анықтаған. Жедел түрде жан сақтау шараларын жасаудың нәтижесінде 3 минуттан кейін сәбидің жүрек қағысы қалпына келіп, тыныс ала бастаған. Науқас бала қалалық балалар ауруханасына жеткізілді» делінген хабарламада.