Шымкенттік дәрігерлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сый жасады

673

Үшінші мегаполиске айналған Шымшаһардың дәрігерлері Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жеткіншектеріне тосынсый жасады. Ақ желеңділер ата-анасының қарауынсыз қалған және тумысынан ауыр дертке шалдыққан балаларға түрлі сый-сияпаттарын табыс етіп, мерекелік дастарxан жайды.

Шымкент қаласындағы Т.Орынбаев атындағы гипербарилық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова бастаған бір топ дәрігерлер Төлеби ауданындағы балалар үйіне барды. Мұнда ата-анасының қарауынсыз қалған сал ауруына шалдыққан балалар тәрбиеленеді.

Ақ халаттылар қайырымдылық шара аясында 200-ден аса баланың басын жиып мерекелік концерт ұйымдастырды. Медицина мамандарының қолқа салуымен жеткіншектер үшін цирк әртістері келіп, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, балаларға арнап мерекелік дастархан жайып, мүмкіндігі шектеулі балаға бағалы сыйлықтар табыс етті.

Айта кетейік, Төле би ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сал ауруына шалдыққан балалар тәрбиеленеді. Денсаулығында ахау бар балаларға мұнда арнайы медициналық көмек көрсетеді.