Отбасы мерекесі қарсаңында полицейлер балаларға тосынсый жасады

209

Отбасы күні мерекесіне орай Түркістан облысы Түлкібас ауданының полицейлері –балаларға бағытталған қайырымдылық істерін бастады. Тәртіп сақшылары Түлкібас ауданында орналасқан оңалту орталығына арнайы барып, ондағы балаларға сый-сияпаттарын тарту етті.

Олар аталған мекемедегі балалардың жағдайымен танысып, шүйіркелесіп, ойыншықтарын табыстады.

Балаларды мерекесімен құттықтаған Түлкібас АПБ бастығының орынбасары полиция майоры Қанат Түймебаев, ЖПҚ ӘЗЗҚТ инспекторы полиция капитаны Айнұр Байжанисова мен ауданның бірқатар полицейлері балалардың болашақта үлкен жетістіктерге жететіндігіне сенім білдіріп, олардың өмірлеріне қажет болатын ақыл-кеңестерін айтты.

«Ауданымыздың полицейлері жыл сайын осылай біздің емделушілерге сыйлықтар табыстап отырады. Олар сыйлықтарымен кіріп келгенде балаларымыздың көздерінің жайнағандығын көрсеңіз. Бүлдіршіндердің көңілін аулап, алтын уақыттарын бөлген полицейлерге өзімнің және барлық емделушілердің ата-аналарының атынан ризашылығымды білдіремін», – дейді мекеме директоры Тұрсынкұлова Толқын Рыскұлқызы.

Жалпы аталмыш орталық 2014 жылы ел игілігіне берілген. Содан бері бұл орталыққа балалар емделуге келіп, мекеме қызметкерлерінің табанды еңбегінің арқасында аяққа тұрып, алғыстарын айтып жатқандары қаншама. Бүгінгі таңда оңалту орталығында 25-тен астам ерекше бала ем қабылдауда.

Сонымен қатар, айта кеткен жөн, бұл түлкібастық полиция қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылып отырған қайырымдылық шаралардың алғашқысы емес, себебі қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығы күзетінде жүрген сақшылар аталған шараларға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық борыштарын өтеуді әрқашанда естен шығарған емес.

 

 

QAINAR KÓZТО ПД баспасөз қызметі