Шымкенттік тұрғындар балалар дәмханасының құрылысына қарсы

384
балалар кафетериясының құрылысына тұрғындар қарсы

Шымкенттегі Түркістан көшесі мен Әл Фараби алаңының қиылысында балалар дәмханасын салу бір кәсіпкердің өзіндік жобасы болса керек.

Ал осы маңдағы көпқабатты үйдің тұрғындары мен Ы. Алтынсарин атындағы кітапхана қызметкерлері оған үзілді-кесілді қарсы. Белсенділердің бірі Валентина Митрофановнаның көпшілік атынан жазылған арызды алып бармаған жері қалмаған.

Валентина Ачок, тұрғын

Валентина Ачок, қала тұрғыны: «Міне өздеріңіз көріп тұрсыздар, кәсіпкерлер біздің үйіміздің дәл жанынан балалар дәмханасын салып жатыр. Нысан дәл жылу жүйесінің үстінен өтеді. Ертең пайдалануға берген соң адамдар шағын ғана ауламызды әжетханаға айналдырмайтынына кім кепіл? Ғимараттарын соғамыз деп осындағы жасыл желекті де кесіп тастады. Сонда биліктегілер қайда қарады? Аудан әкімдігінде болдым. Бұгін жер кадастры бөліміне барамын. Оларға кім рұқсат бергенін анықтаймын. Есесіне нысан қызыл сызықта салынған. Шара көріледі ме?».

Валентина Митрофановнаның көршілері мұнда дүңгіршек қоюға да қарсы болған. Бүгінде сауда нүктесі алаңның бойында тұр. Оның да заңды орналастырылғанына тұрғындар күмән келтіреді.

Құрылысты бастаған кәсіпкердің өзімен де тілдестік. Ол өз кезегінде ғимаратты тұрғызуға тиісті органдардан рұқсат алғанын алға тартты. «Құжаттарым түгел» деп, сенімді отыр.

Рафаэль Асратов, кәсіпкер

Рафаэль Асратов, кәсіпкер: «Мен заң шеңберінде жұмыс істеймін. Міне, барлық құжаттарым бар, мынау балалар дәмханасының үлгісі. Бұл жеңіл констуркциялы ғимарат, бір жарым қабатты. Ішінде әжетханасы да болады. Біз кітапхананың сыртын жаңа үлгідегі дизайн бойынша әрлейміз. Біздің ғимарат пен үйдің арасында жүретін жол қалдырылады. Есесіне осындағы аумақты көріктендіреміз. Әсем декоративті ағаштар, гүлдер отырғызамыз. Дайын болғанда өздері осында демалады ғой».

Құрылысты желтоқсанның біріне бастаған кәсіпкер шағын дәмхананы алдағы жылы наурыз айында ашсам дейді. Ал тұрғындар жерлестерінің құжаттарының барына қарамастан енді «Нұр Отан» партиясына және азаматтардың құқығын қорғау орталығына арызданбақ.

Шынар Оразова