Сыпырған ата көшесіндегі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанына 3 жыл болды. Нысанның сағызша созылып «сақалды» құрылысқа айналғанына жөндеу жұмыстары барысында орын алған күрделіктер себеп болған. Әсіресе, қызыл сызыққа түскен тұрғындардың жер учаскесін мемлекет меншігіне өткізу кедергісін тигізген.
Абай Тұрханов, Шымкент қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Тельман бөлімшесіндегі бірқатар үйлер, шарбақтар, құрылыстар жолдың бойына жапсырылып салынған. Жаяу жүргіншілер, ирригациялық жүйелерге жол қалдырмаған. Жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жұргізілуде. Алайда тұрғындардың бірінің құжаты рәсімделмеген болса, бірі төленетін сомамен келіспеуде. Сот шешімдері шыққан. Наурыз айына дейін барлық төлемдер төленеді».
Құрылыстың мерзімінде аяқталмағанына тозығы жеткен кәріз жүйесін жаңалауда себеп болған. Мамандар оның да шешімін тауыпты.
Абай Тұрханов: «Коллекторды толығымен қайта жаңаладық. Жұмыстарды сушылармен бірге келісіп жасадық. Енді күрделік туындамайды. Барлығы талапқа сәйкес жүргізілді». Т
Құны 1 млрд. 311 млн. теңгенің құрылысы 2019 жылдың тамыз айында аяқталады. Мердігер компания басшылығы тұрғындарға осылай уәде етті.
Жергілікті тұрғын: «Қала әкімдігі жолды салып жатқан мердігерге тез бітіріңдер деп тапсырма берсе болады ғой. Әйтпесе балалар бала бақшаға барады, оқушылар бар лай лай болып, әбден қиналды».
Тұрғындардың талап-тілегін ескерген мердігер компания өкілдері жолдың бір бағытын ашты. Күн жылына екінші бөлігін тегістеп, асфальт төсемек ниетте. Жоспар жүзеге асса, Сыпырған ата көшесіндегі Әл Фараби мен Ұ. Арғынбеков көшелері аралығындағы жол пайдалануға беріліп, Темірлан тас жолындағы қозғалыс біршама жеңілдемек.