Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңына қойылған «Жер ана» монументі жаңартылып жатыр. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталады.
Айта өтейік, Қазыбек би, Әйтеке би және Төле бидің дана сөздері мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тілегі жазылған монумент 2011 жылы бой көтерген болатын. Содан бері биіктігі тұғырымен қосқанда 25 метрді құрайтын монумент жөндеу көрмеген дейді сала мамандары. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жөнделіп жатқан ескерткіш жаңа келбетке ие болмақ.
Кеңесбек Арыстанбеков Ордабасы алаңында серуендегенді ұнатады. Күнделікті таңертең ескерткіш маңындағы өзен бойын аралап, серуендейді. Зейнеткер «Жер ана» монументінің жаңартылып жатқанын бірден байқап, қуаныпты. Жақсылыққа жаны құмар жан өзінің өтінішін де айтып қалды.
Кеңесбек Арыстанбеков, қала тұрғыны: «Қаламыз үшінші мегаполис болғалы мұнда келушілер өте көп. Ескерткіш жаңартылып жатыр екен, дұрыс. Ар жағында саябақ, демалуға таптырмайтын орын. Қошқар ата өзенінің бойы сөз жоқ керемет. Жасыл желек көмкерліген керемет аумаққа айналғалы тұр. Ал мына ескерткішті жаңартып жатқандар жазылған әріптерді латыншаға өзгертсе дұрыс болар еді».
Айта өтейік, «Жер ана» монументі 2011 жылы кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған болатын. Сол кезде жабыстырылған гранит тастардың желімі ажырап, соңғы уақытта қауіп төндірді. Мұны байқаған қала басшылығы ескерткіштің тастарын жаңартуға нұсқау беріп, жөндеу жүргізетін мердігерді анықтап, жаңа технология негізінде жөндеуді тапсырған”.
Сағат Молдабеков, мердігер мекеменің өкілі: “Ескерткіштің жалпы аумағы 100 метрді құрайды. Коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өз материалы өзіне жұмсалады. Сондай-ақ соңғы технология бойынша жаңартылатын болады».
Құрылысшылардың айтуынша, тұғырымен қосқанда 25 метрді құрайтын монументтің айналасындағы ескі жиек тастары да алмастырылады. Бұл жұмыстар желтоқсан айының 16-шы жұлдызына дейін аяқталуы тиіс.
Нұрлан Күдерұлы