ҚР Ұлттық сараптама орталығы мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» ЖШС отандық халал өнімдерді дамыту саласындағы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Ұлттық сараптама орталығының директоры Қанат Балықбаев пен ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС Әнуар Елжанов қоғамдық денсаулықты бақылау мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін арттыру саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар нарыққа отандық инновациялық өнім шығаруды, халал өнімдердің сапасын арттыруды, халал-индустрия саласында тәжірибе алмасу мен өзге де шараларды ұйымдастыруды қарастырып отыр», — деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында Қанат Балықбаев орталық қызметі туралы айтып берді. Оның айтуынша, әрбір өңірде зертханалар жұмыс істейді, онда өнімдердің сапасын, жасалу технологиясын тексеруге болады.
«Химиялық өнеркәсіп пен дәстүрлі тағамдарды арзан алмастырғыштардың дамуымен азық-түлік өнімдеріне сараптама жасау өзекті бола түсті. Біздің мамандар дүкен сөресіндегі өнімдердің халыққа қауіп төндірмеуі үшін жұмыс істейді», — деді ол. Ынтымақтастық аясында ет өнімдеріндегі жануар тінінің сәйкестігіне зерттеулер жүргізу, алкогольсіз сусындардың талаптарға сай келуі тексеріледі.