Қазақстанда бұрын-соңды болмаған операция жасалды

463

Елімізде жасөпірімнің жақ сүйегіне бұрын-соңды болмаған операция жасалды, деп жазады «Хабар 24».

Күрделі ем-домды Ана мен бала орталығының мамандары тұңғыш рет қолға алып отыр. Бастысы, операция сәтті өтті. Енді дәрігерлер бұл тың әдісті кеңінен меңгеріп, елімізге енгізуге ниетті. Себебі, Қазақстанда 40-қа жуық бала осындай емге мұқтаж. Ал шетелде мұндай бір операцияның құны 50 мың доллардан асып жығылады.

Небәрі 5 жасында жол апатына түсіп, жақ сүйегі сынған бүлдіршін бүгінде ер жетіп 17-ге келді. Ол алған ауыр жарақатының салдарынан 12 жыл бойы аузын толық аша алмай, әбден қиындық көрген. Оған отандық дәрігерлер 3 рет операция жасап, көмектеспек болды. Бірақ одан науқас сауыққан жоқ.

Жақсылықтан үмітін үзбеген Диас Ана мен бала орталығынан көмек сұрады. Гиппократ антына адал дәрігерлер бұл мәселеге бейжай қарамастан осы күрделі емді зерттеп, операция жасауға бел буды. Содан бері арада небәрі 1 ай өтті. Жасөспірім қазір өзін жақсы сезінеді.

Қатарластары секілді аузын толық ашып, өздігінен тамақтанады. Емін-еркін сөйлейді. Тіпті 8 келі салмақ қосқан. Диастың оң жақ сүйегіне қазір протез салынды. Бірақ оны жасау оңайға соқпады. Мамандар жасөспірімнің суретін арнайы компьютерлік бағдарламаға салып, 3D кескінін жасаған. Сосын протезді шетелден арнайы тапсырыспен алдыртқан.

Ал бұрын-соңды болмаған емді әзірге орталықта, хирург Руслан Ся-Тун-Чин ғана меңгерген. Ол үшін маман Ресейге арнайы барып білімін шыңдады. Әрине, білікті маман жыл сайын 180-нен аса операция жасап жүрсе де, мұндай күрделі емді алғаш рет қолданған. 5 сағатқа созылған операцияға Русланнан бөлек 7 маман қатысты. Ем-дом сәтті аяқталды.

Руслан, Ся-Тун-Чин, жақ-бет сүйегі хирургы: “Арнайы протез дайындамай, стандартты түрін қолдануға болады. Бірақ тәжірибе оның тиімділігі аз екенін көрсетіп отыр. Әрине, титаннан жасалған протездің орнына адамның сан еті сүйегін алып, жағына сәйкестендіріп қоюға болады. Бірақ уақыт өте келе сүйек құрылысы 20-30 пайызға сорылып, жақтың ұзындығы мен биіктігіне сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан біз балаға арнайы өзіне лайықтап жасалған протез салдық. Бала өссе де протездің ешқандай кері әсері болмайды”.

Дәрігерлер: «мұндай операцияны жасөспірім 15 жастан асқан кезде ғана жасауға болады», –дейді. Себебі, оған дейін баланың жақ-бет сүйегі өсіп-жетіледі. Ал елімізде мұндай ем-домға мұқтаж жандар баршылық. Ана мен бала орталығы оларға көмек қолын созуға дайын. Шетелде мұндай операцияның құны 30-50 мың долларға шығатынын ескерсек, елімізде жасаған әлдеқайда тиімді.

Шолпан Алтынова, Ана мен бала орталығы директорының орынбасары: “Алған импланттың бағасы бар, 3D салған бағасы бар. Сонда 2-3 млн шықты. Өзімізде жасасақ осынша шықты. Қазір проблема жоқ. Дәрігерлер көрді. Өз қолдарына сеніп, әрі қарай оны дамытса, енді үкіметтің көмегі болса. Дәрілері, шығын заттары болса, оны істейді”.