Көзінің көруі нашарлап, көзілдірік тағатындардың қатары артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 200 млн адамның көру қабілеті бұзылған. Әр бес минут сайын бір баланың жанары нашарлайды. Бұл «мектеп жасындағы әрбір үшінші бала көзілдірік киеді» деген сөз. Дәрігерлер мұның бәрі телефон мен компьютер экранына үңілуден екенін айтып, дабыл қағады.

Әр үшінші оқушы көзілдірік тағады

Көз – адамның ең маңызды әрі өте нәзік мүшесі. Сондықтан да оны қорғай білу керек. Облыстық балалар ауруханасының балалар офтальмологиясы бөлімшесінің көз дәрігері Наталия Гончарик соңғы кезде көзілдірік тағатын балақайлардың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Бұған негіз де жоқ емес. Айтуынша, бөлімшеде жыл сайын ем-дом қабылдайтындардың басым бөлігінің көзі нашар көреді.
– Көздің көру қабілетінің бұзылуы медициналық тілмен – рефракциялық ақау деп аталады. Ол 3 түрлі болады. Біріншісі – миопия, жақыннан көргіштік (алыстан көрмейді); екіншісі – гиперметропия, алыстан көргіштік (жақыннан көрмейді), үшіншісі – астигматизм, көздің нашар көруі. Жоғарыда аталған рефракциялық ақаулар туабітті (тұқым қуалалайды) немесе бертін келе пайда болуы мүмкін. Қайсысы болмасын, алғашқы сатысында (асқындырып алмаса) емдесе, көру қабілеті 100% қалпына келеді,-дейді дәрігер Наталья Гончарик.
Дәрігер сөзінен түсінгеніміз, (туабітті ақауды айтпағанда), көздің көру қабілетінің нашарлауына қоршаған орта факторлары тікелей әсер етеді. Яғни, балақайлардың көз жанарының бұзылуына компьютер, смартфон, теледидар кінәлі. Сонымен қатар көру қабілетінің нашарлауы сабақ орындау барысында жарықтың дұрыс түспеуі мен кітапты тым жақын, не тым алыс, жатып, еңкейіп, көзге салмақ салып оқығаннан да болады екен.
— Қазір мектептегі әрбір үшінші бала көзілдірік тағады. Дені интеллектуалды мектептерде шоғырланған. Сондай мектепте білім алатындардың 70 пайызының көзі нашар көреді. Мұның барлығы да көзге көп салмақ түсіріп оқығаннан болады. Сондай-ақ, балалардың гаджеттер мен теледидарға көп үңілгені де көзге зиян,- дейді Наталья Александрқызы.

Шымкент қаласының тұрғыны Дания Сейдахметова бала күнінен көзілдірік тағады екен. Мамандар оған «туабітті миопия» деген диагноз қойыпты.
– Әке-шешемнің де көзі нашар көреді. Дәрігерлер көзімнің нашар көруі сол кісілерден берілгенін айтады. Негізінен, кітапты көп оқимын. Кейде жарығы дұрыс түспейтін бөлмеде де оқи беретінмін. Осылайша, көзімнің көру қабілетін нашарлатып алдым,-дейді ол.
Ал 12 жасар Алмас Бажиров өте зерек бала. Білімге құштар. Кітап көп оқиды. Бұдан қалса, компьютерде отырады. Дәрігерлер оған «туабітті гипертофикалық астигматизм» деген диагноз қойыпты. Анасының айтуынша, отбасында мұндай кеселмен ешкім ауырмайды. Бірақ, босану кезінде баланың көз тамырларына зақым келген. Салдарынан көзі нашар көріп, көзілдірік тағуға мәжбүр болыпты. Дәрігер Наталья Гончарик көп жағдайда ата-ана баласының көзі көруден қалып бара жатқанын байқамайтынын айтады. Ол «баланың мұндай жағдайға түсуіне ата-ананың өзі тікелей кінәлі» деп санайды. «Өйткені, бүгінде кішкентайы қыңқылдаса, қолына смартфон ұстатып, алданғанына мәз ата-ана көбейіп бара жатыр», – деді дәрігер.

көзі нашарлағандардың саны артуда

Облыстық балалар ауруханасындағы офтальмологиялық бөлімше консультативті-клиникалық негізде жұмыс істегендіктен мұнда науқастар тіркеуге алынбайды. Тек тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралған офтальмолог-дәрігерінің жолдамасы негізінде күндізгі стационарда немесе жатып ем-дом қабылдайды.
Дәрігерден білгеніміз тек 2016 жылы – 1361, 2017 жылы – 1529 бала ем қабылдаса соның 70 пайызының көзі нашар көреді. Ал қалғандары түрлі көз жарақатымен түседі. Арасында көзі қылиланып кеткендері де бар.
Мәселен, 6 жасар Райхан Рахымжанованың бір көзі қыли. Әжесі Юлдашева Назакаттың айтуын-ша, отбасында ешкімнің көз кемістігі жоқ. Тек осы немересі сондай болып туылған. Дәрігерлер көзілдірік киіп жүрсе, жазылып кететінін айтыпты. Осылайша 6 жасар бүлдіршін 3 жылдан бері көзілдірікті шешпей тағып жүрген. Бірақ ешқандай нәтиже болмапты. Сондықтан да мұнда келіп ота жасатыпты. Енді ол жақын күндері көзілдірігін шешіп, әлемге өз көзімен қарайды.

көз өткірлігін сақтау үшін

Көз қызметі нашарлаған жағдайда көзілдірік кию міндетті. Дәрігерлердің айтары бұл. Сондай-ақ, мектепте не үйде, әйтеуір сабақ тапсырмаларын орындап жатқанда әр 10-15 минут сайын үзіліс жасап, көзге арнайы жаттығулар жасаған жөн. Сабақ оқитын бөлмеге жарықтың мол түсуін қадағалау керек. Баланың бос уақытында теледидар көріп, компьютер ойнап, телефон шұқылап отыруын емес, далада, таза ауада бой жазып, ойнауын қадағалау қажет.
Көз дәрігерінен білгеніміз, әлемдік медицинада көз аурулары мен нашар көретіндерді емдеудің 80 пайызы нәтижелі аяқталады. Яғни, уақытында емдесе, 100 пайыз сауығуға болады. Сондықтан көзіңіздің көруі нашарлауын күтіп отырмай, жылына 1 рет офтальмолог-дәрігердің тексеруінен өткен дұрыс. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алудың орынды екені анық.

Севда Карими, «Lider оптика» көзілдірік дүкенінің сатушысы:
– Бүгінде балалар көзәйнегінен сұраныс көбейген. Сатып алушылардың дені 6 жас пен 16 жас аралығындағы перзенттерін әкеледі. Қолдарында дәрігердің қорытындысы бар. Соған қарап, көзәйнек таңдап береміз. Болмаса – сағатта арнайы тапсырыспен әзірлейміз. Бізде шыныдан және пластмассадан жасалғандары бар. Балаларға пластмассасы жақсы. Салмағы жеңіл болады. Кейбір ата-аналар линза сұрап жатады. Бірақ линзаны балаларға тағуға болмайды. Бала түгілі ересектерге де линзаны көп уақыт тағып жүру зиянды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №17, 25 сәуір 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті