Баспананың бағалау құнымен келіспеген түркістандықтар партияға жүгінді

437

Түркістандағы сүріліп жатқан үйде Мырзахмет Қожабаевтың отбасы 28 жыл тұрған. Комиссия баспанасының құнын 12 млн теңгеге бағалапты. Қарсылық танытпай, бірден босатып берген. Онысын бағамен келіскендіктен емес, басқа амалы болмағандықтан деп түсіндірді.

Мырзахмет Қожабаев, Түркістан қаласының тұрғыны: «17 миллион теңгеге үй таптым. Жауаптылар үйімді 12 млн теңгеге бағалады. Қалған 5 млн теңгені қайдан аламын? Балаларым болса жоғарғы оқу орнын бітірді. Жұмыс жоқ, үйде отыр. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Не істерімді білмеймін».

Қазір зияратшылар орталығының төңірегіндегі үйлер сүрілуде. Мемлекет мұқтаждығы үшін үйін босатып бергендердің ауласында жұмыс қарқын алған. Ал бағалаушылардың шығарған құнымен келіспегендердің алды сотқа шағымданып үлгерген. Тағы бір бөлігі көшбасшы партияның жергілікті филиалы басшыларынан көмек сұрап жүр.

Алма  Тұрсұманова, Түркістан қаласының түрғыны: «Мен  бағалаушылардың  бағасымен келіспеймін. Көршілеріміздің ескі үйін жақсы бағалаған. Ал менің жаңа үйіме өте төмен баға беріп жатыр. Көздері жоқ па? Көрініп тұр ғой».

Бибіхан Абдуллаева, тұрғын: «Маңдай терімізбен үйді салғанбыз. Өзім жүкті болсам да шелектеп бетон тасығанмын.  Қасында дәріхана бар. Шлакоблоктан  көтерілген, терезелері пластик. Білмеймін, басынғандары ма? Дұрыс бағаламайды ма?».

Ару Жүсіпбекова, тұрғын:  «Ауламызда жеріміз бар 6,7 соттық, екі үй бар. Беріп отырған қаржысына бір үйде ала алмаймыз. Жақында ғана Елбасы Жер  туралы заңға қол қойды. Сол құжатта бізге де қатысты бап бар. Талаптар орындалмайды ма? Біз сұраған  ақшамызды берсе, біз баспанамызды босатып, бұзуға келісім береміз».

Қоғамдық қабылдауға арнайы келіп, арызын айтқан азаматтарға бас партияның облыстық филиалы көмек береміз деп сендірді.

Нұрмахан Жолдасов, «НұрОтан» партиясының Түркістан облыстық филиалы басшысының орынбасары: «Қиналып жүрген азаматтардың наразылықтарын тыңдадық. Олар бағалаушылардың берген баспаналарының құнымен келіспейді. Қала әкімдігінің мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде болар. Бүгін қоғамдық қабылдауға келіп, халыққа түсініктеме беруі тиіс еді. Енді өз тарапымыздан шара көреміз. Тиісті  сала мамандарымен үйлерге барамыз. Кездесудің қорытындысы бойынша құжат әзірлеп,  облыс әкіміне  барамыз».

Түркістандықтар жаңашылдыққа қарсы емес, қасиетті қалаларының ажарлана түсуін қалайды. Алайда даму жолындағы әрекеттер заң шеңберінде болса дейді.

Шынар Оразова