.inform.kz

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен Астана қалалық білім басқармасы «Азат адамдар» қоғамдық қорымен бірлесіп синтетикалық есірткілер және нашақорлық проблемалары жөнінде елордалық мектеп ұстаздарымен кездесу өткізді. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство ақпаратына қарағанда,бұл кездесу Астананың барлық жалпы білім беру мекемелерін қамтуы тиіс ұзақ мерзімді бағдарламаның бірінші кезеңі саналады. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, алдын алу бағдарламасында жасөспірімдердің айналасындағы ата-аналар мен ұстаздарға баса назар бөлінген.

Бағдарлама жасөспірімдер ортасына тән жаңа буындағы синтетикалық есірткілер және «дәріханалық» нашақорлық сияқты екі проблеманы қамтиды. «Азат адам» қоғамдық қорының басшысы Ольга Агапова жасөспірімдер нашақорлығы туралы айтып, психобелсенді заттарды интернет-ресурстары арқылы таратудың жаңа тәсілдері, белгілері және оларды тұтынудың салдары туралы ата-аналарға арналған дәріспен таныстырды.

Айта кетейік, 2018 жылы ІІМ бастамасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі есірткі және психотропты заттар жарнамаланған және таратылған 5 мыңға жуық интернет-ресурсын бұғаттады. Есірткі таратын мессенджерлердің электрондық мекенжайлары жазылған 2,5 мыңнан астам граффити – жазба анықталып, жойылды. Оларды жазғаны үшін 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.