Импорт тауарларды алмастыруға болатын ондық. Бәсекеге қабілетсіздіктің себептері. Бизнесті қорғау. Бүгін талқы таразысына салынған тақырыптар осы. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өткен жылды қорытындылады.
Басты міндеттері кәсіпкерлердің құқығын қорғау болып табылатын палата мамандары ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылғандығын, сонымен қатар түйіні тарқатылуы тиіс мәселелердің де шешімі бар екендігін тілге тиек етті.
Елімізге ағылып келіп жатқан шетелдік өнімдерге тосқауыл болуға жарап тұрған отандық тауарлар жетерлік. Сарапшылар импорт алмастыруға жататын тауарлардың ондығын анықтаған. Оның ішінде металл конструкциялары, трансформатор, кілем, керамика өнімдері бар. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге оңтайлы болатындай ауқымды жоба қолға алыныпты.
Арман Абубакиров, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры: «Осыдан екі жыл бұрын үлкен мәселе көтергенбіз. Біздің бас жоспарды элеткронды жүйге енгізу болатын. Әрбір кәсіпкер дүкен болсын, өндіріс болсын нақты мекен жайы, қай жақта орналасқаны, «қызыл сызық» бар ма, қандай инфраструктура бар барлығын мемлекеттік органға барып емес, оны онлайн көруге мүмкіндігі болады. Ұсыныс бергенбіз. Әкімшілік қолдап «Шымкент генлан» атты портал аштық».
Кәсіпкерлердің құқын қорғау басты міндеттері болып табылатын палатаға 98 арыз түскен. Оның ішінде 50 пайызына оңды шешім қабылданған. Жалпы сомасы 31 млн. теңге кәсіпкерлердің ақшасы сақталынып қалған. Алдағы уақытта да палата тарапынан кәсіпкерлердің құқын қорғау жұмыстары жалғасатын болады.
Қайрат Акенов, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Қызыл сай» стансасында темір жол жабылып, 12 кәсіпкер вагон ала алмай қалған кезде мәселелерін шешіп бердік. Бұдан бөлек, «Азала текстильге» еңбек инспекциясы тарапынан әкімшілік айыппұл салынған болатын. Мәселенің оң шешімін табуына ықпалымыз тиді. Жалпы кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетудеміз».
Ал кәсіпкерлер палатасының сарапшылары қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілетсіздігінің басты себептерін де ашық айтып отыр. Өзбекстаннан әкелінетін өнімдердің арзандығы және осы елге экспортты ұлғайтудың мүмкін еместігі кедергі келтіруде екен. Өзбекстан тауары үшін біздің елге экспорттау барысында акциздік салық мүлдем қарастырылмаған.
Ал отандық өнім аталған елге экспортталғанда салық кедергілері бар. Экспорттау кезінде тауарларға арналған салыстырмалы акцизді салық орналастыру, қажетті тауарларды өндірушілерге коммуналдық шығындардың бір бөлігін субсидиялауды қамтамасыз ету қажет деп санайды мамандар. Аталмыш ұсыныс Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына жолданған.
Г.Жұмаш