Майкөтен бала

1463

Халқымыздың «Бауырына басу» деген дәстүрі бар. Бауырына салу – қарт ата-әжесінің алғашқы көз қуанышы тұңғыш немересін оларға беру дәстүрі. Ел аузындағы «бірінші немере – үлкендердікі» сөзі осыдан шықса керек. Ата-әже немересін өнегелі азамат етіп өсіруге, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге ықпал етеді. Бауырына басудың енді бір тұсы – бір ғана баласы бар ата-ана «жалғызыма серік болсын» деген ниетпен жақын туысының баласын бауырына алып, өз баласынан кем қылмай асырап, бағып-қағады. Сонымен қатар, туғаны шетінеп, бала тұрақтамай, қиын тағдырға тап болған отбасылар «Ақжолтай» болсын деген ырыммен бірге туғанының баласын бауырына салады. Мүлдем балалы бола алмай, бір перзентке зар болған ата-ана да ағайынының баласын алып, өз баласындай көрген. Нәсіп қылып, кейін өз кіндігінен бала тараса, «майкөтенім» деп еркелетіп, оның қадіріне жеткен. «Тұңғышым» деп ерек назарына алып, қатарынан кем қылмай, бар жақсысын алдына тосып, өсірген. Мінеки, бұрынғыдан жеткен бауырына басу дәстүріне бүгін де жүгінетін оқиғалар баршылық. Солардың бірді-екілісін бірге тыңдалық.

«АДАМҒА ҮМІТТІҢ ӨЗІ ЕМ БОЛАДЫ ЕКЕН»

Күмісай Мелдебекова (кейіпкердің өтінішімен аты-жөні өзгертілді) тұрмыс құрғанында 21 жаста болған. Өзінен 10 жас үлкен азаматпен бас қосқан ол – отбасын құрғаннан кейін 2 жылға дейін құрсақ көтере алмайды. Бір сәбиге зар болған ата-ана емделу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Бәрінен еститіні сол – «ұрығың әлсіз, балалы бола алмайсың» сөзі. Жолдасы екеуінің қатты қиналғанын көріп жүрген енесі бір күні оларды шақырып алып: «қайнысының бесінші баласын бауырларыңа басыңдар» деп айтқан.
«Күйеуімнің інісі (қайным) ағасынан ерте шаңырақ көтерген. Үбірлі-шүбірлі отбасы болды. Абысыным бесінші баласына аяғы ауыр болғанда енем оларға «бұл балаларың қыз болсын, ұл болсын, ағаңа бересің» деп айтқан екен. Олар да қарсылық танытпаған. Себебі біздің қалай қиналып жүргенімізді білетін еді. Ал енем бізді алдына шақырғанда: «Ініңнің бесінші баласын бауырларыңа салып береміз. Қазақта «майкөтен» деген жақсы ырым бар. Ертеден халық арасында қолданылады. Сол дәстүрді жаңғыртамыз» деді. Бізде ешқандай қарсылық болмады. Күйеуім екеуміз де қайнымның балаларын жанымыздай жақсы көреміз. Қос қолымызды көтеріп, бірден келістік. Қуанышымызда шек болмады»
Сол сәттен бастап Күмісай аяғы ауыр абысынына өзі қараған. Үнемі жанында болып, бір елі ажырамай, күтімін жасайды. Тіпті жұмысынан декрет демалысын алып, бар назарын балаға аударады. Жүктілік кезінде жасалынатын барлық анализдерінің шығынын көтеріп, болашақ сәбиіне анасының құрсағында жатқан сәтінен бастап қалай мейірімін төккенін ерекше толқыныспен баяндап берді.
«Енем абысынымның бесінші баласына аяғы ауыр болғанын естіген сәтінде оны өз ойынан хабардар еткен. Осылайша енем оны психологиялық тұрғыдан дайындады. «Бұл сенің балаң еме. Бұл – ағаң мен абысыныңның баласы» деп үнемі құлағына құйып отырды. «Балаңды шын ниетіңмен бер» дегенді де жиі айтатын. Абысынымнан «енем саған бұл ұсынысын алғаш айтқанда қандай сезімде болдың?» деп сұрадым. Ол сонда: «Сізді білем ғой, менің балаларымды өз балаңыздай көресіз. Мейіріміңізге сенемін. Сондықтан ешқандай қорқынышсыз беремін» деді.Мұны естіген сәтте өксіп жылап алғаным бар. Оған дейін «абысыным енеміздің сөзін жерге тастай алмай, амалсыздан келіскен шығар» деген ой маза бермей жүрген еді. Содан кейін жаным бір жай тапты. Шынымды айтсам, абысынымның ай-күні жақындаған сайын «емізіп қоймасын» деген қорқыныш болды. Баламды қызғандым. «Алғашқы сүтін өзім берсем» деп армандап жүрдім. Мұны өзіне де айтып қойдым»
Күмісай көптен күткен сәбиі дүние есігін ашатын кез жетіп, толғақ басталғанда әрі-сәрі күйге түседі. Тіпті, абысынымен қоса қиналғанына өзі де таңғалады. «Мұның бәрі де аналық мейірімнің оянуы» деп біледі.
«Қасына өзім бірге кірдім. Балапаным шыр етіп өмірге келгенде абысыным дәрігерлерден шақалақты алғаш менің қолыма беруін сұрады. Тұңғышымды қолыма алғанда қандай күйде болғанымды дәл қазір сізге айтып жеткізе алмаймын. Бір білетінім – көзімнен жас тоқтамай жылай бергенім. Әрине, қуаныштың көз жасы ғой. Баламды кеудеме жатқызған сәтте басқаша бір күй кештім. Әйел адам үшін ана болу – ең үлкен бақыт екеніне сол сәтте көзім жетті. Енді Құдайдың құдіретін қараңызшы: «мен оны емізіп қоймасын» деп қорқып жүргенде одан бір тамшы сүт шықпады. Әйтпесе алдыңғы балаларында сүті өте жақсы болатын. Соған өзім ерекше таңғалғаным бар. Бірақ енем солай болатынан білгенін, оны аяғы ауыр болған сәттен арнайы дайындағанын айтты. Презентханада оған алғашқы тамағын беріп, жағдайы жақсы болғандықтан екі күннен кейін үйге шығардық. Кейін қызыма «сені осылай шығарып алғанбыз» деп көрсету үшін арнайы камера жалдап үлкен қуанышпен үйімізге келдік. Құжаттардың бәрін реттеп, атымызға жазғыздық. Содан кейін шаңырағымызға шаттық орнады. Жиған-тергенімізбен «Бесік той» жасадық. «Үйімізге бір шуақ боп келді» деп атын Айшуақ қойдық. Осылайша әр қылығына тоймай мәз болып жүргенімізде қызымның үш жасында өзім де құрсақ көтердім»
«Қызымыз майкөтен болып келді» деген ол өз жүктілігінде қандай да бір сезімге бөлендім деп айта алмайды. Себебі аналық мейірімді тұңғышынан сезінген. Күмісайдың екінші перзенті де қыз болды. Қуаныштары еселеніп жүрген сәтте артынша тағы бір ұлды болып, күйеуіне ұл, екі қызына іні сыйлаған.
«Соңғы екеуімнің бала қылықтары басым. Ал тұңғышым неге екенін ерекше ақылды болып өсіп келеді. Кішкентайынан мен мұңайсам бірге мұңаяды, қуансам бірге қуанады. Ауырсам бәйек болады. Оқуда озат. Әкесі екеуіміздің әрі мұғалімдерінің мақтанышы. Кейде өзім таң қалам. Қайнымның балалары да бұған ұқсамайды. Жолдасым да кішкентайларымызға «әпкелерің сияқты болыңдар, оның айтқанын орындаңдар» деп айтып отырады. Тумасынан осындай ақылды қыз болып өсіп келеді. Мен бұған тек шүкір деймін»
Қазір Айшуақ – 10 жаста. Ата-анасының мақтанышына айналған ол сіңлісі мен інісінің қамқоршысы. Анасының көмекшісі. Күмісайдың айтуынша, бүкіл ауыл бұл дәстүрді білгенімен Айшуақ білмейді. «Егер керек болса, өскенде өзім айтып беремін» дейді. Бір перзентке зар болған ана – қазір өзі тағдырлас аналарға үміт үзбеуін тілейді. Айтуын-ша, көтере алмай жүрген әйелдер кеңес сұрап көп келеді екен. Сондай жандарға айтары: ешқашан үмітін үзбей, сабырлықпен жақсылық күту. «Үміттің өзі адамға ем болад» деген Күмісай қазақ халқының осынау ерекше дәстүрін бағалай білуге шақырады. «Тапқан – ана емес, баққан – ана» деген сөзге қалтқысыз сенеді.

«БАУЫРЫМА БАСҚАН БАЛАМНЫҢ КӨЗ ЖАСЫНА ҚАЛДЫМ»

Ал ендібір кейіпкеріміз Күләш «бауырына басқан баласының көз жасына қалдым» деп ойлайды. Отбасын құрғаннан кейін 4 жылға дейін перзент сүйе алмаған ол – қайынағасының төртінші қызын туысқандарының айтуымен бауырына салған. Алғашында баланы ерекше жақсы көрген ол өзі көтеріп туғаннан кейін тұңғышына деген сезімінің өзгергенін байқайды.
«Әсемді қолыма салғанда күйеуім екеуіміз қатты қуандық. Өз баламыздай көріп, мейірімге бөледік. Жолдасымның туысқандары ұлтымыздың бауырына басу дәстүрін түсіндіріп, Әсемнен кейін өзіміздің балалы болуымыз мүмкін екенін айтты. Бірден келістік те қайнағамыздың 1 жасар сәбиін бізге беруін өтіндік. Қайнағам қарсылық танытпағанымен, абысыным аздап қиналды. Дегенмен оны да түсіндік. Алайда, қинала-қинала ол да келісімін берді. Қызымыз бес жасқа толғаннан кейін өзім жүкті болдым. Қатты қуандық. «Майтабан» болып келді деп оны құрметтедік. Бірақ ай-күнім жетіп босанғаннан кейін өз балама деген мейірімім артты. Уақыт өткен сайын Әсемге салқындай бастадым. Осылайша арада біраз уақыт өтті. Біздің Әсемнен бөлек екі қыз, бір ұлымыз болды. Жағдайымыз жақсы болғандықтан, оған материалдық тұрғыдан ешқандай қиыншылық көрсетпедім. Керегінің бәрін алып бердім. Бірақ, аналық мейірімімді бере алмадым. Ақылды қыз болды. Бауырларын өзі өсірді. Үйдің барлық шаруасын істеді. Сонда да алғашқыдай оны жақсы көре алмадым. Мұның дұрыс емес екенін білсем де менде осындай бір сезім болды. Бәрібір өзіңнің құрсағыңды жарып шыққан бала басқаша болады екен»
Осылай ағынан жарылған Күләш, бүгінде бұл қылығына қатты өкінеді. Айтуынша, сол қателігінің жазасын бүгінде балалары тартып жатыр.
«Әсем 8-сыныпқа барғанда біздің туған баламыз емес екенін білді. Анасы оның жағдайының мәз емесін байқап, өзіне алып кетті. Кетіп бара жатып: «Мені неге сонша жек көретініңді енді түсіндім. Егер қаламасаң, бұлай қинамай өз ата-анама бере салсаң нетті? Мені неге ұнатпайтыныңды біле алмай, жынды болып жүрдім. Егер мені туған ата-анам басқа адамдар екенін білгенде осынша уақыт сенің қабағыңа қарап жүрмейтін едім. Маған көрсеткендерің үшін Құдайдан тап» деп айтқаны әлі есімде»
Сол кезде балалары әлі кішкентай болғандықтан Күләш оның айтқан сөздеріне мән бермеген. Тіпті оған «өз ата-анасының жанында жақсы болады» деп ойлаған. Сол кезден бастап қайнағасының отбасымен де қарым-қатынастары бұзылып, аралас-пай кетіпті.
«Уақыт өте келе екі қызымды тұрмысқа бердім. Алайда, бірінші қызым 5 жыл ал екінші қызым 3 жыл болды. Әлі бала көтермеді. Мен кезіндегі Әсемге жасаған ісімнің қате екендіген енді ойлап жүрмін. Сол сәтте айтқан сөздеріне мән бермегеніммен қазір оның айтқандары құлағымнан кетпейді. Мен Әсемді тек өзім балалы болу үшін алған сияқтымын. Егер аналық мейірімімді арнап, оған қамқор болсам, басқаша болар ма еді? Кім білсін? Қыздарымның менің тағдырымды қайталауы жаныма батады. Қазір ұлымды үйлендіруге қорқамын. Балалы болмай қалса, не істеймін деген ой маза бермейд. Жолдасым – жуас адам. Кезінде ол «балаға мейіріммен қара» деп көп айтты. Енді мен тұңғыш қызымнан кешірім сұрағым келеді. Бірақ ол кешіре ма, жоқ па білмеймін. Бүгінде жанымда тыныштық жоқ. Қызымның көз жасына қалған сияқтымын»
Көзіне жас алған Күләштың айтатыны – бауырына басқан баланы өз туғанындай қабылдау керек. Қазір қыздарына «Бауырына басу» дәстүрімен балалы болуды айтып жүр. Сол баласына асқан мейіріммен қарау қажетін де жиі қайталайды.
Ал, қадірменді оқырман, талай отбасын сақтап қалып, сәби үніне бөлеген
Бауырына басу дәстүріміз жайлы сіздің айтарыңыз қандай?
Редакциямызға хабарласып, сайтымызға пікір қалдырып, ойыңыз, оқиғаларыңызбен бөлісіңіз!

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №21, 23 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті