Шымкенттік 4014 талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Оның тең жартысы мектеп бітіруші түлектер болса, қалған 50 пайызы жоғары оқу орындарына шартты түрде оқуға түскендер. Бұл туралы Шымкент қаласы Білім саласын бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді. Айтуынша, алғашқы легі сынаққа кіріп үлгірді.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы Білім саласын бақылау департаментінің басшысы: «Жалпы Шымкент қаласы бойынша 4014 жас өтініш білдірген болса, осы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 2128 адам өзінің өтінішін білдірген. Тест үш күн бойы болады. Қаңтардың 18-нен 20-на дейін өтеді. Дәл бүгін осы университетте 885 адам тест тапсырып жатыр. Олардың арасында былтыр дайындық курстарынан өтіп, өзі оқып жатқан оқу орнына ресми түрде тіркелгісі келетін жастар да бар».
Еске сала кетейік, 2019 жылдан бастап ақылы ҰБТ жылына төрт рет өткізіледі: қаңтар, наурыз, маусым, тамыз. Қысқы ҰБТ 18-20 қаңтар аралығында 74 пункт базасында өтеді.
Білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін маусым айында болатын ҰБТ-ны тапсыру қажет. ҰБТ тапсыру форматы, тұтас алғанда, бұрынғыдай болады. Бұл норма жоғары білім алуды оңтайлы ету үшін енгізіліп отыр. Тұңғыш рет өтіп отырған қысқы сынақты 25 615 оқушы қазақ тілінде, 10 162 бала орыс тілінде және 61 оқушы ағылшын тілінде тапсырады.
Меруерт Ахан