Шымкентте оқушыны өзін өзі өлтіруге дейін жеткізген жасөспірім сотталды

487

Шымкенттің Қайнарбұлақ елдімекенінде мектеп оқушысын өзін өзі өлтіруге дейін жеткізген жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелет жасына толмаған айыпталушыны үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық істі қарау бірнеше айға созылған. «Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы Н.Тұрсынхан ҚР Қылмыстық кодексінiң 194-бабы 2-бөлігінің 1,3-тармақтарымен («Қорқытып алу»), 28-бабының 3-бөлігі арқылы («Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi») 105-бабы 3-бөлігімен («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған түпкілікті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленген», — делінген үкімде.

Еске салайық, былтыр 10 ақпанда қаланың іргесіндегі Қайнарбұлақ саяжайында тұратын 11 сынып оқушысы үйінің ауласында асылып қалған болатын. Ол өз өліміне кінәлі ретінде алты адамның тізімін жазған қағаз тастап кеткен еді. Осыдан кейін қайғылы оқиға бойынша Қаратау аудандық полиция бөлімі тарапынан қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілді. Осы қылмысқа күдікті жасөспірім ұсталып, оған қатысты іс сотта қаралған болатын.