Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі «Қайырымдылық керуені» акциясы биыл қазақ халқының мейірімділікке, бауырмалдылыққа шақыратын ізгі дәстүрлері негізінде бастау алды.

«Мейірімділікпен бірлікке!» ұранымен жыл аяғына дейін жалғасатын қайырымдылық іс-шаралар, ай сайын арнайы атаумен өтеді. Мәселен, қаңтар айында «Сарқыт» атауымен өтсе, әрі қарай «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік беру», – «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» айларымен ұласады.

Игі бастама аясында қартарға, жетімдерге, науқас азаматтарға жалпы көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөлініп, материалдық көмек көрсетіледі. Оған ассамблея жанындағы құрылымдар, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, этномәдени бірлестіктер және өңірдегі меценаттар атсалысады.

Осыған орай бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің сарбаздарымен кездесті. Іс-шара аясында әскерге жаңа қабылданған сарбаздарға ақ жаулықты аналар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері мерекелік сарқыт таратты.

— Сарқытты қазақ халқы үлкен кісілердің жолын берсін, абыройын берсін деген ырыммен жастарға жегізген. Осыны ескерген ассамблея мүшелері Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға елден сәлемде ретінде бауырсақ, құрт, ірімшік, жент-талқан сынды ұлттық тағамдарымызды үлестірдік. Ынтымағы ырысты, бірлігі бекем елімізді қорғауда табандылық пен ерік-жігер тіледік, — дейді қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова.

Игі шарада қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов және бірқатар этномәдени бірлестік төрағалары сөз сөйлеп, қайырымдылық жасаудың маңызына тоқталды.

Осындай ыстық ықыласқа риза болған сарбаздар одан әрі «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі жанындағы «Көркем» әжелер тобы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Айта кету керек, Елбасының бастамасымен өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын қолға алған болатын. Қазақ халқының дәстүрімен ұштасқан қайырымдылық акциясы осы жобаны ілгерілтуге де үлес қоспақ.