ShymQala мобильді қосымшасы 9 автобусқа орнатылды

470

ShymQala мобильді қосымша іске қосыла сала, пайдаланушылардың қатары артты. Салаға жауаптылардың сөзінше, әзірге жаңа жүйе 9 қоғамдық көлікке орнатылған. Қоғамдық көлік пен жолаушыларды тікелей байланыстыратын мобилді қосымшаның пайдасы көп.

Нұрлан Қылышбаев қалта телефонына «ShymQala» қосымшасын алғашқылардың бірі болып жүктеді. Жас жігіт енді аялдамада ұзақ уақыт автобус күтіп тұрмай, мобильді қосымша арқылы бағыттық көлігінің келу уақытын бағамдай алады.

ShymQala мобильді қосымшасы арқылы қаладағы қоғамдық көліктердің қай жерде, қай уақытта аялдамаға тоқтайтынын үйден шықпай — ақ бақылауға болады. Бұл үшін смартфондағы Play Market арқылы ShymQala қосымшасын жүктеу қажет. Қосымшада қаланың картасы көрсетілген. Мұнда автобустардың қай жерде келе жатқандығын тікелей көруге болады.

Наурыз Сүгіралиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы: «Мобильді қосымша қаладағы №141, 147, 147А 148А, 148Б, 102ША, 109ША, 118ША, 26 бағыттардағы қоғамдық көліктерге пилоттық режимде енгізілген. Қосымша арқылы телефоныңыздың экранына автобустар белгіленген карта шығады. Өзіңізге қажет болған бағыттың үстін түрту арқылы, автобус жолын ғана емес, қай жерде келе жатқанын да біле аласыз. Бұл өз кезегінде аялдамада ұзақ уақыт тұрып қалу мәселесін жеңілдетеді”.

Айта кетейік, автобустың қайда келе жатқанын көрсететін ShymQala қосымшасын андройдты смартфон арқылы ғана пайдалануға болады. Бұл әзірге сынақ нұсқасы, алдағы уақытта функциясы жаңартылып, пайдаланушыларға ыңғайлы етіп жасалады дейді мамандар.

Сондай-ақ, басқада IPHONE, IPAD, IMAC жүйесі үшін де жаңа нұсқасы әзірленіп, қала ішінде жүретін барлық қоғамдық көліктерге осындай мобильді жүйе енгізілмек.

Лаура Нақыпқызы