Түркістан облысының дәрігерлері ерледі. Санавициямен Шардара ауданынан ауыр хәлде жеткізілген аяғы ауыр келіншекті өлімнен арашалап қалды. Бір мезетте қос ота жасалып, бала аман-есен өмірге келді.

Жас ана өзіндегі соқыршек белгілерін айтолғақпен шатастырған. Дер кезінде маманға қаралмағандықтан ішек жарылып, перитонитке айналып үлгерген. Білікті хирург дәл осындай отаны үшінші рет жасап отыр. Ақ халаттыға жатырды сақтап қалу оңайға түспепті.

Ердос Сұлтанов, бас дәрігердің хирургия ісі жөніндегі орынбасары, «Бұл операцияның қиындығы соқырішекті алып, ішінің іріңін тазалап, оған қоса жатыр өзінің орнында қалдыру болды. Екінші баласы екен. Кейін бала босана алады. Басында Түскен кезде жан сақтау бөлімінде болды. Қазір палатада. Жақында үйіне шығарамыз».

Дүниеге салмағы 2800 г қыз бала келген. Әлі есімін қойып үлгермепті. Жас ана ертерек ауруханадан шығып, Шардарадағы перинаталдық орталықта жатқан балапанына жетуге асық.

Жансая Дүйсенов, жас ана, «Осы жаққа келіп операция жасады. Жақсы шығып, 5-6 күн жан сақтау бөлімінде жаттым. Қызымның салмағы 2800 г. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге рахмет. Енді Құдай қаласа 2-3 баланы босанамын деп отырмын».

Дәрігерлер жүкті әйелдердің барлығына дер кезінде есепке тұрып, мезгілімен тексерістен өтіп тұру қажеттігін ескертуде. Себебі, жүктілікке селсоқ қараудың салдары ана мен бала өліміне әкеп соқтыруы мүмкін.

Меруерт Ахан