Түркістандағы мектеп директорлары «төбемізден жай түскендей болды» деп отыр

1241

Түркістанда оқушылар арасында болған әлімжеттік жағдай ешкімді бей-жай  қалдырмады. Әлеуметтік желіде тараған бейнематериалдағы оқиғаға қатысқан оқушылар оқитын мектептің директорлары «төбемізден жай түскендей болды» дейді. Олардың сұхбатын  өзгеріссіз назарларыңыға ұсынып отырмыз.

Дәулет Құдайбергенов
Дәулет Құдайбергенов, № 18 мектептің директоры

Дәулет Құдайбергенов, Жұмабек Еділбаев атындағы № 18 мектептің директоры: «4 жыл көлемінде директор болып қызмет етіп келемін. Әлеуметтік желіден көрдік. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Бұл  оқиға бәрімізге ауыр тиді.  Бейнематериалдағы 1-2-уі  біздің мектептің оқушылары. Оқиғаның ішінде олар аяқ жағында тұрғанын көріп қалдық. Әке-шешелері бар. Қазір  құзырлы органдар анықтауда. Оқушылармен де, ата-аналарымен сөйлестім. Олар 9-шы сыныптың оқушылары, бұған дейін араларында «конфликт» болған. Бекзат Саттарханов шағынауданында үш бірдей мектеп бар. Оқушылар бір-бірімен тату, ынтымағы жарасқан. Соңғы 4-5 жылда мұндай жағдай болмаған еді. Төбемізден жәй түскендей болды».

Шынар Тілеубергенова, Абай атындағы № 31 жалпы орта мектептің  директоры: «Бейнематериалдағы бір оқушы біздің мектептен. Сабақтан қалмайтын, белсенді бала. Ол жақында ашылған «Адал ұрпақ» клубының мүшесі және «Адал жол» клубына қатысқан. Оқушымнан мұндайды  күтпедім. Тіпті мұндай оқиға болады деп күтпегенбіз. Қатты әсер етті. Мектептегі  тәрбиесі қиын  оқушылардың арасында бұл оқушы жоқ».

Базарқұл Мырзақұлов, № 16 мектептің директоры
Базарқұл Мырзақұлов, № 16 мектептің директоры

Базарқұл Мырзақұлов, Талғат Бигелдинов атындағы № 16 мектептің директоры: «Зәбір көрген балалардың жағдайы жақсы. Сабаққа қатысып жатыр. 23 қаңтарда екеуін дәрігерлік тексеруге алып кетті. Балаларға психолог, әлеуметтік қызметкерлер көмектерін көрсетуде. Әлеуметтік желіде тараған бейнематериалдан бір оқушымыздың ерні жырылғанын көрдік. Бір оқушының ата-анасы арызданды. Басқалары  шағымданған жоқ. Сабақтан кейін  болған оқиға, басқа мектептің 9-шы сынып оқушылары  біздің  балаларды басқа жерге алып кеткен. Біздің  мектептің үш оқушысы футболға қатысып жүрген 9-шы сынып оқушылары. Тәрбиелі отбасыдан шыққан,  тәртіпті балалар. Оқиға жұма күні болған дейді, біз бейнематриалды  22-ші  қаңтарда көрдік».

Шынар Оразова