Ұлтымыздың өткенінде ерекше мәнге ие, ел мен елді жақындастырып, алыстаған арасын жақындатып, қайта табыстыратын «төркіндеу» атты дәстүр бар. Халқымыз әйел баласына тікелей қатысы бар төркіндеу дәстүрін әрбір қызға парыз еткен. Ұзатылған қыз барған жерінде етек-жеңін жинап, қайын жұртына үйреніп, перзент сүйіп, аяулы анаға айналғанында міндетті түрде бұл жоралғыны жасауы керек. Бірақ, төркіндеу бір-ақ рет жасалады. Қазір қазақ өмірінен қалыс қалып, өшіп кету алдында тұрған дәстүрімізді тереңірек түсіндіру үшін, өзі төркіндеген және төркіндеу дәстүріне куә болған апаларымыздың әңгімесіне құлақ түрдік.
«Балаларымның мойнына қарыз болмас үшін төркіндеп бардым»
Мәрзия Иманәлиева – 1932 жылы Түлкібас ауданында туған. Бүгінде бір ұл бір қызды асырап жеткізген аяулы ана. Сегіз немересіне қазақи тәрбие беріп отырған ардақты әже. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ананы әлі де болсын кәрілік жеңбеген. Ойы жинақы, өзі сергек, сөзі нақты. Біздің сұрағымыздан кейін Мәрзия апа өзінің төркіндеуі туралы әңгімесін бастап кетті.
«Анам бала күнімде көз жұмды. Әкем кейін екі рет некеде болды. Мен ұзатылған кез – соғыстан кейін халық әбіржіп, әлі аяқтан тұра алмай жатқан кез ғой. Мені ұзатып, төсек орын жасап беруге жағдай болмады. Сол кезде менде ғана емес, бүкіл халық сондай ауыр күндерді бастан өткеріп жатқан еді. Әйтеуір кішкентайымнан қыз баласының төркіндеуі парыз екенін, төркіндемесе балаларына, туыс-туғандарына сын болатынын біліп өстік. Өйткені, әйел адам қайтыс болғанда табытын әр туысқанының алдына қойып, «Мына кісі төркіндеді ме?» деп сұрайды екен. Сондықтан екі жыл бұрын қара шаңырақта отырған үшінші шешемнен інім бар. Сол інімнің үйіне 79 жасымда төркіндеп қайттым. Ағайын-туыс барлығы жақсылап күтіп алды. Оларға дән ризамын. Екі күн туысқандарымда күтіліп, мәз-мейрам болдым. Төркіндеп барған қыз қара шаңыраққа дастархан жайып барады. Мен де ол әдептен аспай жөн-жоралғымды жасадым. Бір мал сойып, сыбағаларын бердім. Үш үйде күтілдім. Барлығы жан-жағымнан қаумалап, бәйек болып жатты. Қолдарынан келгенше сый құрметтерін көрсетті. Көйлектерін кигізіп, көрпелерін беріп, орамалдарын жапты. Қазақта төркіндеген қыз жалғыз бармайды. Міндетті түрде жақын адамдарын ертіп барады. Мен де әдеп бойынша қызымды, құрбымды ертіп бардым. Туыстарым ере барған адамдарды да құр қол қайтарған жоқ. Сый-сияпаттарын жасап, бәйек болды»
Мәрзия апаның мақсаты – балаларының мойнына төркіндеуді қарыз етпеу еді. Бұған қоса маңызды бір себебі тағы бар.
«Төркіндеуімнің тағы бір мақсаты – ауылымдағы жастар мені тануы керек, мен оларды тануым керек. Бұл мақсат та орындалды. Әдетте үлкендерді танығанымызбен жастарға мән бере қоймаймыз ғой. Бұл дұрыс емес. Мен ауылдың жастарымен де таныстым. Өйткені ескінің қалдығын жастарға үйрету керек. Бұл ағайын туыстың бір-бірінен алшақтамай сыйластықты арттыруына таптырмас мүмкіндік. Қазіргі жастарымыз осыны естен шығармау керек. Ұрпақтан-ұрпаққа сабақтаса берсе қандай жақсы болар еді. Жастарға бірдеңе десең, «осы апалар ескіні айтады да отырады, қазір ол қалған, ешкім қолданбайды, заман басқа» деп айтады. Тіпті, айтқан ақылыңды жақтырмай қалатындарын қайтесің? Бірақ бұл дұрыс емес. Осындай немқұрайлы қараудың салдарынан, «заман өзгерді біз жаңашылдыққа ұмтыламыз» деген ойдың себебінен ұлтымыздың көптеген дәстүрлері ұмытылып қалды. Тіпті санадан өшіп кеткендері де бар. Кез-келген нәрсені заманға сай жаңғыртуға болады ғой. Сондықтан жастарымыз осыған мән берсе екен. Біздің ерекше дәстүрлеріміз өлмей, сабақтаса берсе деген тілегім бар»
Мәрзия апа басқаға ұқсамайтын, тек қазақ халқына тән салт-дәстүрлерімізді өшірмей сақтап қалу бүгінгі ұрпақтың қолында екенін айтады.
Келесі кейіпкеріміз Толғанкүл Айтбекқызы. Өмірінде үш рет төркіндеу дәстүрінің куәсі болыпты. Соның ішінде есінен кетпейтіні анасымен еріп барған сапары.
«Мен тұрмысқа шыққанда анам төркіндеді»
«Жамбыл облысында бұрын Әулиеата қаласы болған. Кейін Тараз болып өзгерді. Анам осы қаланың Ақжар ауылында дүниеге келген. Мен ата-анамның жалғыз қызымын. Анамның әулеті өте үлкен әулет болған екен. Ол кезде адамдардың бір-бірімен хабарласуы да қиын заман ғой. Мен тұрмысқа шығып алғашқы баламды дүниеге әкелгеннен кейін 1972 жылы анам төркіндегісі келді. Ол кезде 72 жаста еді. Анам әкеме 17 жасында тұрмысқа шыққан. Заманның қиындығы болар сол уақытқа дейін анам өз жұртынан мүлдем хабарсыз қалған еді. Ол кезде мен 23 жастамын. Мені және абысынын, күйеуімді ертіп төркіндеп барды. Барсақ шынымен үлкен әулет, ата-бабаларынан ішімдікке жоламайтын адамдар екен. Солардың ішінде Аяпберген деген ағасының көзі тірі екен. Сол кісі келіп, «Төркіндеп келіпсің, бізді еске алыпсың, қазағымыздың керемет дәстүрін ұмытпапсың ғой, жаным, өліп тіріліп келдің ба?» деп құшағын аша қарсы алды. Барлық ауыл жиналды. Біз барған кезде 12 үй отбасы болып отыр екен. «Төркіндеймін» деп шешім шығарған кезде анам маған «мен ол жаққа тегін бармаймын, барымызды алып барамыз, дастархан жайып, әрбірінің сыбағасын алып баруымыз керек» деді. Сөйтіп, бір малды сойғызып, боршалатып, «жілігін әпке-сіңлілеріне», «бас жамбасын аға-інілеріне» деп салдық. Сөйтіп, күйеуімнің басы-қасында отырып, бәрін дайындатты. Жолдасым да жас-тай әке-шешесінен жетім қалған. «Анамның мойнына төркіндеу қарыз болмасын» деп барын салды. Және 12 үйге шамамыз келгенше сый-сияпаттарымызды жасадық. Бардық, керемет қарсы алды. 12 күн бойына анам туысқандарына төркіндеп, еркелеп қайтты. Барлығы мал сойып, сыбағасын беру үшін үйіне қонаққа шақырды. Тек ет жақындарына ғана емес, көрші-қолаңға, ауылдың ақсақалды адамдарының барлығына сәлем бердік. Әрбір шаңыраққа барғаннан кейін атқаралатын алғашқы іс ол – танысу рәсімі. Еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін танысып, арқа-жарқа боламыз. Осылайша керемет бір сапар болды»
Анасының төркіндеу сапары жайлы толғаныспен сөйлеген Толғанкүл апа нағашы жұртының оларды қалай шығарып салған сәтін де ешқашан ұмытпайды.
«Қайтатын күні әулеттің барлығы жиналып: «Соғыс кезінде қызымыздың қалай, қайтіп тұрмысқа шыққанын білмей де қалдық. Енді шүкір бәрі бар. Ең бастысы тәуелсіздік бар» деген олар «қызымызды қыз сияқты шығарып саламыз» деді. Әрқайсысы «Әтіркүл, дәстүрден аттамай төркіндеп келгеніңе рахмет» деп анама құрметтерін көрсетті. Барлығы орамалын, шапанын, әшекейлерін берді. Және бұзаулы сиырмен қоса 7 бас қой, сондай-ақ темірден жасалған төсектің түшегі және екі көрпеше-жастығымен барлығын салып үйімізге жеткізді. Бұл жерде дүниеден бұрын қазақтың дәстүрін айтыңызшы. Қаншама туыс-туғандармен таныстық. Араластық, сыйластық. Барлығымыз қуанышта болдық. Анамның төркіндеу сапарынан кейін осы күнге дейін нағашы жұртыммен аралас-құраластығым тоқтаған жоқ. Оларды танып-білдім. Нағашыларымның тойынан да, ас-жиынынан да басқасынан да қалмаймын. Ол ауылда «үлкен жиен қыз» деген керемет орным бар. Ерекше құрметтейді. Төбелерінде отырамын. Міне, төркіндеу дәстүрінің бергені осы болды. Осыдан кейін қазағымның дәстүрін қалай құрметтеп, қадір тұтпайсың? Әйел адам төркіндемесе, сол адамның балаларына қарыз болады екен»
Толғанкүл апаның бұл төркіндеу дәстүріне куә болған алғашқы сапары. Одан кейін құдағиының төркіндеуінде де басты қонақтардың бірі ретінде сапарлас болыпты.
Қыздың бір рет төркіндеуі – парыз
«Бір күні құдағиым Қызылордаға құдағиының жаназасына барған екен. Сол кезде молда жаназадан бұрын «бұл апа төркіндеген бе?» деп сұрапты. Соны естіген менің құдағиым үйіне келе салып, төркіндеу керектігін айтқан. Содан кейін балалары өзінің шыққан әулетіне төркіндеуге жіберді. Жанына ерте барғандардың арасында мен де болдым. Інілері барлығы жақсылап күтті. Құдағиыма алтынын, көйлегін, орамалын тағы басқа көптеген сыйлықтарын берді. Қасына ертіп барған бізді де құр қол қайтарған жоқ. Таңертең тоғызда барғаннан керемет ансамблімен күтіп алды. Осылайша барлық жоралғыларын жасап, кешкі сағат онға дейін күтіп жіберді. Міне, мен өмірімде үш рет төркіндеу салтына куә болдым. Үшіншісі қандай дейсіз ғой. Ол менің жолдасымның әпкесі төркіндеп келді. Біз қара шаңырақта отырғандықтан алғаш біздің үйге түсті. Екі күн болды. Жастармен танысу, ән-думан, көтеріңкі көңіл-күй. Керемет емес пе, шіркін. Қазақ – дана халық. Әрбір салтының түпкі мақсаты бар. Шіркін бұл дәстүр ұмытылмай жалғасын тапса, бауырмалдық бола берер еді. Қазір төрт қызым бар. Оларға үнемі «егер төркіндегілерің келсе, мен аман кезде төркіндеп алыңдар» деп айтып отырамын. Бұл деген қыз балаға өсиет, парыз. Біз тәуелсіздіктің қадіріне өзіміздің осындай керемет дәстүрлерімізді ұстай отырып жетеміз. Бағалаймыз. Ал дәстүрді жалғайтын олар – жастар»
Толғанкүл апа сөз соңында өз арман-тілегін де айтты. Өзінен туған төрт қызының көзі тірісінде ұшқан ұяларына төркіндеп келуін көру. Сондай-ақ аз уақыт ішінде өзі де төркіндеуді жос-парлап жүр. Бүгінде жолдасы екеуі екі ұл, төрт қызды мәпелеп өсіріп отыр. Олардан тараған 15 немнресі мен 1 шөбересі бар.
Төркіндеу – береке-бірлік пен ынтымақ дәстүрі
Ал Айжамал Талубаева өз құрбысының төркіндеу сапарының куәсі болған. Көпті көрген ақ самайлы Айжамал әженің айтары — әйел адам жасы келіп, бала-шағасын өсіріп, ұлын ұяға қызын қияға қондырғаннан кейін төркіндеуі парыз екен.
«Қыз деген жат жұрттық болып кеткеннен кейін туған-туыстарынан тараған ұрпақтарын тани бермейді. Бұл төркіндеу салтының мән-мағынасы да осында жатыр. Төркіндеген әйел адам кемінде бес-алты күн жатқаны дұрыс. Өйткені жекжаттың арасында алыс-тап кетпеуі керек. Бұл біздің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз. Көптеген дәстүріміздің бұл түрі, адамгершілкке, ынтымаққа, адамдардың бір-бірін құрметтеп, сыйлауына арналған. Төркіндеген келіншек тек өзінің отбасынан ғана қайтпай, ағайын-туыстарымен қоса, көрші-қолаңды, барлығын аралау керек»
Айжамал әже бүгінгі күнге әупірімдеп жеткен дәстүріміздің бұл түрі ұмыт қалуынан қорқады. Осы уақытқа дейін өзі сияқты әжелердің арқасында аз болса да еленіп жүрген төркіндеу дәстүрін ұрпақ санасынан өшірмеу әрбір қазақ әйелінің парызы екендігін де шегелеп айтты.
«Осындай керемет дәстүрді жалғастыру – біздің міндетіміз. Кеңес үкіметі кезінде небір керемет салт-дәстүрімізге тыйым салынды. Ал қазір біз сияқты ақ самайлы әжелер қазақилықтың биік шыңы саналатын осындай салт-дәстүрімізді жастарға насихаттаудан жалықпауымыз керек. «Заман басқа, жастарға қызық емес» деп қолды бір сілтеуге мүлдем болмайды. Біздер әжелер қауымы олар тыңдамаса тыңдамасын, жүрген жерімізде тоқтап қалмай, қолымыздан келгенше жас толқынға түсіндіруіміз керек. Айта берсек, арасында бір салт-дәстүрді құрметтейтін біреуі іліп алары сөзсіз. Сондай адамдар арқылы сабақтастығын үзбейді»
Салт-дәстүрді насихаттауды міндеті санайтын әже өзі өмірінде бір рет куә болған төркіндеу дәстүрі туралы да әңгімеледі.
«Балалары анасын төркіндетуі керек»
«Мен өмірімде бір құрбымның төркіндеуіне куә болдым. Өйткені қасында еріп барған адамдардың бірі мен едім. Алғаш бара қалғанда дастархан басында таныстыру басталады екен. Олардың қандай қызмет істеп жатқаны бәрі-бәрі айтылды енді. Әрбір үйге барған сайын осы таныстыру салтымен басталды. Бір-бірін таныған адам сыйласады, араласады, қиыншылықта да қуанышта да бірге болады екен. Төркіндеп барғанда үйіп-төгіп алып бару немеса алып қайту мақсат емес. Әркім барынша ілтипатпен, шын көңілден ұсынған дүние ол нағыз естелік болып қалады. Ең бастысы дүние емес, жүректің жылулығы ғой. Жастарымыз анасын төркіндетуі керек. Өйткені анасы өмірден өтіп кеткеннен кейін төркіндеудің парыз екенін біліп, «шіркін, анамды төркіндетпеппін-ау» деп өкініп жатады. Сондықтан да жастар мұны білсе екен. Тағы бір айтарым — «бала» деген анасының төркінінен келген дүниені көзінің қарашығындай сақтауы керек. Ол ескі болса да сақтаған дұрыс. Өйткені сол дүниені көрген сайын сен шешеңді еске аласың, ал шешеңді еске алу деген – анаңның төркінін еске алу деген сөз. Осылайша ол анасының ауылына хабарласады. Сөйтіп аралас-құралас ажырамай сақталып отырады. Міне, мәселе қайда жатыр. Қазағымның әрбір салт-дәстүрі қандай керемет»
Сөз соңында Айжамала әже бүгінгі жас-тар төркіндеу сөзінің қадір-қасиетіне жете бермейтінін де айтып қалды.
«Қазіргі жастарымыз төркіндеудің түпкі мағынасын түсініп кетпейді. Олар «төркіндеудің жөні осы екен» деп барады да әке-шешесінің үйінде апталап, айлап жатып алады. Бұл дұрыс емес. Әрине, той-томалақ, жиындардан қалмау керек. Отбасымен араласып тұруы шарт. Бірақ кісінің кісісі боп кеткен адам үшін ата-анасының ошағында ұзақ уақыт жатып алу деген болмайды. Төркіндету дәстүрінің қадірін кетірмеген дұрыс. Ал, төркіндегенге дейін де одан кейін де бір күндік той-жиындардан қалмай барып тұрса, мұның өзі қыз баласына жеткілікті. Анасынан дұрыс тәрбие алған қыз ол бұл салтты түсінеді. Шыққан әулетіне, ата-анасының атына кір келтірмеу үшін жас келіндер ойлануы тиіс. Және төркіндеу дәстүрінің қадірін кетірмесінші»
Қадірлі оқырман, әжелердің әңгімесінен қазақтай дана халық жоқ екендігін аңғаруға болады. Салт-дәстүрді сақтап қалу, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу әйел затының борышы екендігіне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Сондықтан болашақ аналардың ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауына жағдай жасау – сіз бен біздің қолымызда.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» газеті, №36, 5 қыркүйек 2018 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті