Ене мен келінді жақындатар – құрсақ шашу

2680

Қазақ халқының тек өзіне тән, ешбір қайталанбайтын, бірегей салт-дәстүрлері бар. Соның бірі – «құрсақ шашу» тойы. Аяғы ауыр әйелге қатысты орындалатын дәстүрдің басты мәні – қуанышты атап өтумен қатар болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру болмақ. Құрсақ шашу, құрсақ тойы туралы тарқатып жазу үшін осы дәстүрді әлі күнге дейін қолданып келе жатқан кейіпкерлерді іздедік. Тынбай ізденістің нәтижесіне кезінде өзіне құрсақшашу тойы жасалған және бала күнінен көргенін бүгінге насихаттап келе жатқан Майра Урумбаева апамызды таптық. Майра апа осынау ерекше дәстүр турасында айрықша толқыныспен баяндап берді.

«1971 жылы Жаңақорған ауданына келін болып түстім. Өзім Алматының қызы едім. Орысша оқығанмын. Салт-дәстүрден хабарым аз. Ол кезде, шіркін ауылдағы ағайындар ұлтымыздың барлық дәстүрін қалт жібермей орындайтын еді. Жас келінмін. Алғашқы балама жүкті болғанда абысындарым енеме сүйінші хабарды жеткізді. Мұндай қуанышты жаңалықты жеткізудің де жолы бар екен. Бірден «келініңіз аяғы ауыр болыпты» деп айта салмай, «апа, келініңіз елдің алғысын алыпты, айранға, көжеге тойыпты» деп жеткізген. Оны естіген енем ерекше қуанып бірден құрсақ шашу тойын ұйымдастырды».

Майра апаның айтуынша, қуанышты хабарды естіген апасының алғашқы тірлігі босағаға ақ жаулық байлатқызу болыпты.

«Апам жүкті екенімді білгенде ауылдағы ұлағатты, ақ жаулықты, беделді анаға керегеге ақ жаулық байлатқызды. Мұның мағынасы «осы үйдің төңірегінен ақырын өтіңдер, атпен өтетін жолаушылар қатты шауып өтпесін, ал ауылдың кішкентай балалары алысқа ойнасын» деген мағынаны білдіреді екен. Өйткені жүкті әйел кез келген дыбыстан, басқа бір тосын әрекеттерден тез шошынғыш болады ғой. Сондай жағдайлар болмас үшін алдын алу әрекеттері жасалады. Тағы бір себебі: баланы іште жатқанынан тәрбиелеудің мағынасы болса керек. Сол кездері апам: «Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, құрметті сезінсе, ол жаман болмайды. Ең маңыздысы – ол анасының құрсағында тыныш жату керек. Іште жатқаннан-ақ анасының және отбасы мүшелерінің махаббатын сезінсе, сол жақсылықтан нәр алып өседі» деп айтатын».

Осылай деген апасы бір күннен кейін құрсақ шашу тойына дайындықты бастапты. «Дүниеге немере келе жатыр» деп ауылдың ақ самайлы әжелерімен қоса қыз-келіншектерін шақырып, дәстүрден аттамай құрсақ тойын да сәтті өткізген екен.

«Апам барлық әйелдер қауымын шақырды. Бұл тойғаменің анамды да шықырды. Ол кісі жол алыс болғандықтан, келе алмады. Қазіргідей зулап жатқан көлік те жоқ ол кезде. Сондықтан өз жағымнан ешкім болмады. Бірақ, қайын жұртым бұл жалғыздықты сезіндірмеді. Келін жүкті болғаннан кейін тамаққа онша тәбеті тартпайды ғой. Сондай жағдай менің басымда да болды. Ал әйелдерді шақырудағы тағы бір себеп – келіннің жерік асын табу екен. Келінінің жерік асын табу да ененің басты міндеттеріне жатады екен. Қуанышқа ортақтасып келгендердің бәрі де қолына тамақ ұстай келіпті. Әрқайсысы әртүрлі тамақ жасаған. Барлығын алдыма алып келді. Сонша тамақтың ішінен біреуіне тәбетің ашылатыны анық. Менің тәбетім – көршіміз жасап алып келген майсөкке ашылды. Майсөк – халқымыздың ұлттық тағамдарының бірі ғой. Бірден жедім. Сол сәтте өзімді қандай жақсы сезінгенім әлі есімде. Мұны көрген апам қуанып, әрмен қарай той басталып кетті ғой. Құрсақ шашудың негізге мәні де, мақсаты да осында болса керек. Өзіңіз ойлаңызшы, бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келін бұрын мүлдем сезініп көрмеген, басынан кешпеген сезімдерді өткереді. Қандай тамақ жегісі келіп тұрғанын, тәбетінің қандай тамаққа ашылатынын нақты айта алмайды. Осылайша қиын бір кезеңді кешеді. Міне, осындай қиналған сәттерінде ақыл-кеңес айтып, тәжірибесімен бөлісетін, жерігін табуға көмектесіп, мейірім танытатын адамдар болғаны қандай жақсы».

Майра апаның айтуынша, құрсақ шашу тойының жаңа түскен жас келінге тигізер пайдасы да зор екен. Мұның себебін былай түсіндіріп берді.

«Енді ғана басқа әулеттің табалдырығын аттаған келін әлі де болсын сол ауыл мен отбасының адамдарын толық танып-біліп кетпейді. Өз шыққан жерін сағынып, құлазып жүретіні анық. Жанына жақын жалғыз адам күйеуі болады. «Ол да үнемі қасында отыра бермейді» деген сияқты ғой. Сондай кезде барлығының назары келінге аударылып, бірден бәрі құрмет көрсетсе, бұл деген өте жақсы нәрсе екен. Оны басынан өткен адам біледі. Апамның жасаған құрсақ шашу тойы сондай жақсы әсер етті. Сонша адам жан-жағыңнан қаумалап, саған бәйек болады. Сый-сыяпаттарын ұсынады. Әрқайсысы жағдайыңды сұрайды. Әңгімелеседі. Осының барлығы сені сол ауылдың адамдарына жақындатады. Жақсы көресің. Өзіңе жасалған осынша құрметтен кейін оларды ерекше сыйлайсың. Ешқашан алдарынан кесіп өтпейсің. Міне, мұның барлығын көріп-біліп, отырып «қазағымнан асқан дана халық бар ма» деп ойлайсың. Қандай керемет дәстүр».

Өткен шақты осылай деп ерекше толқыныспен есіне алған Майра апаны құрсақ шашу дәстүрінің бүгінде ұмытылып бара жатқаны қынжылтады. Ел арасында қайта жаңғырып, енелер келіндеріне осы тойды жасап берсе, қазіргі қоғамда жиілеген өзекті мәселенің бірі; ене мен келін арасындағы келіспеушіліктің азаятынына сенімді.

«Бұл дәстүр – ене мен келінің арасын жақындатады. Аяғы ауырлаған келінінің абыройын асырып, қуанышты жаңалықты жақындарымен бөлісу келінге жақсы әсерін қалдырары сөзсіз. Ал енесінің қуанышын, өзіне деген ілтипатын көрген кез келген келін оны сыйламай, құрметтемей қайда барады?! Міне, құрсақ шашудың басты берері де осы ене мен келіннің бір-бірін жақсы көріп, бір-бірін сыйлауы. Ал сыйластық бар жерде тыныштық бар. Ынтымақ бар. Жақсы көру сезімі бар. Және ең бастысы бақыт бар».

Жастарға осындай ақыл-кеңесін берген Майра ападан өзінің келіндеріне құрсақ шашу тойын қалай жасағаны қызықтырды.

«Әрине, мен ерекше дәстүрді көріп өстім. Ол маған ғана емес, ауылда кімнің аяғы ауырласа, соған жасалынатын дәстүр ғой. Өзім он баланың анасымын. Тоғыз қызым, бір ұлым бар, шүкір. Үлкен әулетпіз. Қазір келінім қолымда. Балаларымның әкесі екеуіміз ұлымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырған бақытты ата-анамыз. Өзім апамнан көргенім бойынша, келінім аяғы ауыр болғанында кішігірім құрсақ шашу тойын жасадым. Өйткені, тигізер пайдасын өте жақсы білемін. Қазір неше түрлі жиындар бар ғой. Маңызы бары да жоғы да әйтеуір жиын көп. Босқа шашылып жатқан дүние. Ысырапшылдық басым. Мұндай түкке қажеті жоқ жиындардың орнына осы бір ерекше, қасиетті дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жастарымыз қолданысқа енгізсе, қандай керемет болар еді. Керек десе, тұңғыш немересіне ғана емес, бірнеше рет жүкті болса, әр жүктілігінде жасасын. Өзіне жасалған ерекше құрметтен кейін қазағымның келіндері бала туғысы келе беретіні анық. Осылайша халық саны да артар еді».

Майра апа қазақ халқының ерекше дәстүрін жаңғырту әйелдердің қолында екенін айтады. «Әрбір ене өз келініне құрсақ шашу тойын өткізсе, құба-құп болар еді» деген ол әйел қауымына өтінішін жеткізді.

«Бұл дәстүр – тәлім-тәрбиенің ерекше бір көрінісі. Жоғарыда айтқанымдай, бала іште жатып-ақ жақсы тәрбие ала бастайды. Жаңадан түскен келін өзінің ұрпақ жалғастырушы екенін біліп, еңсесі көтеріледі. Жолдасының жұртын өз жұртындай қабылдап, сол әулеттің шамшырағын өшірмес үшін барын салады. Бала деген іште жатып дамитындықтан қазақи дәстүрге жақын болып өседі. Ұлтын сүйетін азамат болып шығады. Отбасына деген мейірімі артады. Ал осындай баладан шаңырағын бақытты ететін ақылды адам шығатынына сенімдімін. Келіннің бірінші бала көтергенімен ғана емес, әр бала көтерген сайын құрсақ шашу дәстүрі жаңғырып тұрса, қандай керемет болар еді. Сондықтан біздің аналарымыз осы жағын бір ой елегінен өткізіп, тигізер пайдасын түсінсе екен».

Міне, қазақтың әрбір дәстүрі бекерден-бекер жасалмайды. Әрқайсысының астарында үлкен мән бар. Майра апамен әңгімелесіп түсінгеніміз – құрсақшашу тек той ғана емес, ене мен келінді жақындатуда, келіннің қайын жұртына тез сіңісіп кетуі мен бала тәрбиесіне тигізер пайдасы мол екеніне көзіміз жетті. Болашақ ана мен өмір есігін ашар ұрпақтың жағдайын ойлаған тілегі таза, ниеті ақ, шынайы әрі пайдалы дәстүр.
Қадірлі оқырман! Сөз соңында әдеттегідей өздеріңізді халқымыздың салт-дәстүріне қатысты түрлі оқиғалармен бөлісуге шақырамыз. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып, қажетіне жараған ұлағатты рухани мұраларымыз жалғасын таба бергей.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті

№32, 8 ТАМЫЗ 2018 ж