Түркістан облысында кәсіпкерлерге сауалнама жүргізу басталды

776
Олжас Қаржауов

Бизнес арасында жүргізілетін сауалнаманың басты мақсаты – әр кәсіпкермен, ал бастысы шағын бизнеспен тікелей байланыс орнату. Елде 1 миллион 200 мыңға жуық кәсіпкер бар. Дегенмен, қазіргі уақыттағы мәліметтер базасында толық дерек жоқтың-қасы. Ал әр кәсіпкердің жеке түйткілді мәселелерін, әр кәсіпкердің пікірін білу, қажеттілігі мен сұранысын айқындау үшін ең алдымен қажеттісі — ол мәлімет. Сол бағытта «Атамекен» ел ауқымында кәсіпкерлерді сауалнамаға қатысуға шақырады.

300-ден астам «Атамекен» қызметкері алты ай аралығында еліміздің әр кәсіпкерінің пікірін біліп, сауалнама жүргізуге атсалысады.

«Атамекен» базасындағы 480 мың кәсіпкерге бүгіннен бастап арнайы СМС-хабарлама жіберілетін болады. Сауалнама екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең – телефон арқылы 4 сұрақтан тұратын сауалнама. Сауалнаманың екінші кезеңінде «Атамекен» қызметкерлері бизнес-объектілеріне барып, кәсіпкерлермен жеке сұхбаттасу өткізуді жоспарлап отыр.

«Сауалнама жүргізуді Түркістан қаласының орталық базарынан, сауда үйлер мен дүңгүршектерден бастадық. Ары қарай үлкен кәсіпорындарды аралайтын боламыз. Сауалнама аясында жиналған ақпарат Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалдарының жұмысын күшейту мақсатында барынша бірегей мәлімет болмақ. Осыған байланысты кәсіпкерлер сауалнамаға барынша атсалысып, қолдау көрсетеді деген үміттеміз», – деді Түркістан облыстық «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Каржауов.

Сондай-ақ, Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасының мамандары сауалнама аясында кәсіпкерлердің Аtameken Services порталына тіркелуіне көмектесіп, тегін сервистік қызмет түрлерімен таныстырады. Порталда 60-тан астам онлайн режимде берілетін пайдалы және тегін қызмет түрлері шоғырланған. Бұл қызмет түрлері кәсіпкерлер сұранысын ескере отырып, төрт басты бөлікке жинақталған.

Осылайша, кәсіпкерлер Аtameken Services арқылы бір өтінім бере отырып, еліміздің барлық қаржы институттары мен банктеріне несие алуға тапсырыс жасап, онлайн арқылы оқу курстарынан өтіп, түйткілі туралы ақпарат бере алады.