Түркістан облысындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат басшысы жұмыстан кетуі керек. Бұл мекемеге арнайы барған республикалық мониторинг тобының талабы осы.
Төле би ауданы Леңгір қаласындағы есту қабілеті төмен 136 бала жатып оқитын мекемеден азық-түлік қораптап ұрланып келген, деп хабарлайды astanatv.kz. Бұны қоғам белсендісі Ақмарал Маделханова әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Оның дерегінше, интернат балалары жиі ашқұрсақ жүреді. Тіпті, жақын маңдағы дүкендерге жүрек жалғау үшін бас сұғатынын айтып, дәйек келтірген-ді. Белсендінің айтқандарын мектеп-интернат маңындағы дүкен сатушылары да растап берді.
Шахсана Сайдуалиева, сатушы: «Апта сайын келіп тұрады. Лапша, роллтон, лепешка, майонез, кетчуп…».
Алайда, мекеме басшысы мұның бәрі жалған деп ақталды. Тексеруші топқа директор балалардың түскі асқа не ішіп, не жеп отырғанын да көрсетті. Дегенмен, мониторинг тобы мекемеде азық-түлік қана емес, қыстық отынның қолды болып жатқанын, тіпті қызметкерлердің кілем жуып, кейбір жөндеу жұмыстарын да мұғалімдер өз есебінен жасайтынын жайып салды. Қазір мектеп-интернаттағы заңсыздықтар бойынша тексеру жүріп жатыр.
Ардақ Садықова, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары: «Біздің тарапымыздан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қазір аудит тексеру ұйымдастырылуда. Сол аудит тексеру қорытындысымен шешімдер қабылданады. Қойма меңгерушісі жұмыстан шеттетіліп, қазір іс жүріп жатқан кезде жұмыста жоқ ол кісі. Мектеп директоры бойынша қазір жұмыстан шеттету мәселесі қолға алынды».