Төлқұжат рәсімдеуге тұрғындардан 706 өтініш түскен

837
фото Studentmedia.kz

Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өсуіне байланысты құжат жасату құны да біршама өзгерді. Биыл айлық есептік көрсеткіш өткен жылға қарағанда 120 теңгеге көбейіп, 2 525 теңгені құрады.

Төлқұжат рәсімдеу үшін 8 АЕК, яғни 20 200 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлегеніңіз туралы түбіртек қажет. Жеке куәлік үшін мемлекеттік баж сомасы 0,2 АЕК-ті құрайды. Бұл 505 теңге.

Түркістан облысында 16 ауданның тұрғындары төлқұжат пен жеке куәліктерді алу үшін мекен жайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтінішпен жүгінеді. Былтыр облыста 130 431 азаматқа жеке куәлік пен төлқұжат рәсімделген. Оның ішінде 49 490 төлқұжат пен 95 968 жеке куәлік.

Есенғали Бейсебаев

Есенғали Бейсебаев, Түркістан облысы ПД КҚҚБ бастығының орынбасары: «2019 жылдың 3-ші қаңтарынан 9 — қаңтар аралығында Түркістан облысы бойынша 2 713 жеке куәліктер мен төлқұжаттар рәсімделген. Олардың  2007-і жеке куәлік, 706-ы төлқұжат. 492 құжат  3 санат бойынша жедел түрде дайындалған».

Түркістан облысының тұрғындарына төлқұжат пен жеке куәліктер 3-ші  санат бойынша 7 жұмыс күні мерзімінде дайындалады. Шымкент қаласының тұрғындары  1-санат  бойынша жедел 1 күнде дайындалатын құжат үшін 5 100 теңге мемлекеттік баж төлейді. 2-ші санат  бойынша 3 жұмыс күнінде дайындалған құжат үшін 2 мың 216 теңге төлейді.

Шынар Оразова