Ұстаздар қауымы үшін «7-20-25» бағдарламасының өзектілігі айтпаса да түсінікті. Бағдарлама былтыр қолданысқа енгізілгенімен, баспанаға өтініш білдірген 200-ден астам арыздың 114-і ғана мақұлданған.
Бұл деректі № 59 мектеп ұжымымен өткен кездесуде қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілі жария етті. Төмен көрсеткіш сала мамандары мен банк қызметкерлерін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жедел жүргізуге итермелеген.
Гүлнар Әшірбаева, Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының несие бөлімінің басшысы: «Халық арасында, ірі кәсіпорын, мекемелерде «7-20-25″ бағдарламасы жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгін міне, № 59 мектептің ұжымымен кездесіп, бағдарламаның тиімді тұстарын айтып бердік».
Маман және арнайы шақыртылған банк қызметкерлері «7-20-25» бағдарламасының шарттарын бұқараға түсіндіріп, «Кім қатыса алады?», «Алғашқы жарнаны қалай төлеуге болады?» деген сұрақтарға жауап берді.
Жалақыңды жалдаған пәтеріңе жылдап төлегенше, өз баспанаңа құйғаның тиімдірек. Банк қызметкерлері отбасы бюджетін тиімді жұмсауға кеңес берді.
Сералы Ақпанбетов, № 59 мектебінің директоры: «Біздің ұжымда 164 педагог бар. 32 ұстаз пәтер жалдап тұрады. Солардың бесеуі пәтерлі болды. Қазір көңіл-күйлері көтеріңкі, жұмысқа ынтасы артқан».
Жерлестеріміздің «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмауының себептері ортақ: алғашқы жарна баспана құнының 20 пайызын төлеуге көпшіліктің шамасы жетпейді. Жалақы мөлшерінің аздығы жолын кеседі. Сондықтан да, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жергілікті әкімдік тарапынан жеңілдік де жасалған.
Шынар Оразова