«Қиын» балалардың мәселесі қаралды

332

Мақтаарал ауданында «Құқық бұзушылықтың алдын алу – басты мақсат» атты ата-аналарға арналған конференция өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мадияр Бабашев, аудандық прокуратура мен ішкі істер бөлімінің мамандары, қоғамдық ұйым басшылары, мектеп директорлары мен ұстаздар, ата-аналар қауымы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиынға қатысты.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі саналатын балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу – қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналған. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселені дер кезінде шешу талап етіледі. Міне, жиында осы мәселелерді көтерген аудан әкімі Б.Асанов балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

«Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданның барлық мектептерінде «Сенім жәшіктері» орнатылды. Білім беру мекемелеріндегі ата-аналар жиналысының күн тәртібіне «қиын» балалармен жұмысты қолға алу және оқу жылы барысында «қиын» баланы осы категориядан шығару мәселесі қойылып, ол жөнінде әдістемелек кеңестер берілді. Бұл күндері әрбір мектептегі «қиын» балаларды есепке алып, олардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сабақ үлгерімі т.б жағдайларын бақылап, дер кезінде педагогикалық-психологиялық көмек беру үшін мектептегі психолог, тәлімгерлер мен директордың орынбасарлары бекітіліп, арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек, әкімшілік бекіткен арнайы кесте бойынша ішкі саясат, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық білім бөлімі, БАҚ өкілдері мен мектеп мұғалімдерімен бірігіп, кешкі мезгілде «рейд» жасап, беймезгіл уақытта жүргендерді анықтап, ескерту жасауда» — деді Бақыт Насырханұлы.

Конференция барысында бірнеше азаматтар жарыссөзге шығып, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ұсыныстарын аудан әкіміне жеткізді. Жиында баяндама жасаған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы М.Бабашев балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесі қоғам, мемлекет үшін өте маңызды екендігін еске салды.

«Қазіргі жағдайда жас ұрпақтың сана сезіміне, әрекет-қылығына әсер ететін жағдайлар сан алуан. Олай болса, тәрбие көптің ісі. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер және жұртшылық болып айналысқан жағдайда ғана ол нәтижелі болмақ. Осы бағытта жұмыс істеу үшін жұртшылық болып жұмылып, ат салысуымыз керек деп ойлаймын» — деді М.Бабашев.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы 56 мектепте 27108 оқушы білім алуда. Сондай-ақ, мектепалды дайындық топтарында 2395 бала тәрбиеленуде. Мектепаралық оқу-өндірістік комбинатында, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында 1526 оқушыға қосымша білім берілуде. Сондай-ақ мектептердегі 19 түрлі үйірмеде 6804 оқушы қамтылған.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі