Үйлерін сүруге келісім бермей отырғандарды түсіністік танытуға шақырды

192
облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтыің халық алдында есепті жиыны

Түркістанда тарихи өзгеріс. Кикілжіңсіз болмайтыны тағы бар. Десе де, жергілікті халықтың қолдауы ауадай қажет. Облыс орталығында алғашқы есебін берген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев киелі шаһардың даму жолын көпке жария етті. Түркістанның түлеуіне өзге аймақтар, ұлттық компаниялар үлес қосып, зәулім нысандар салуға құлшыныс танытып отыр. Бұл мүмкіндікті жіберіп алуға құқығымыз жоқ,- деп кесті Қансейітұлы. Сондықтан да, мемлекет мұқтаждығына алынатын жер телімдерінің иелеріне дау шығармауға шақырды.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Қоғам болып, ақсақалдар, зиялы қауым жиналып мәселені «дүниенің проблемасына» айналдырмай шешу қажет. Бәріміз білеміз, жағдайдың қандай екенін, үйлердің құнына да қатысты мәліметтер бар. Сүруге келісім бермей отырған  үй иелерін де түсінуге болады. Қазір қор жасалып, кәсіпкерлер  1 млн, 3 млн, 5 млн. теңгеден қорға аударым жасауда. Бірінші кезекте біз көпбалалы отбасыларының мәселесін шешуіміз қажет. Жас отбасылар да назардан тыс қалмайды».

Десе де, сүріліп жатқан үйінің бағасымен келіспейтіндер өңір басшысының өзінен көмек сұраған. Есептік кездесуге келген түркістандық тұрғын олардың аманатын жеткізді.

Сүрілетін үй иелерінің аманатын жеткізген тұрғын

Шаһардың көркеюіне  ешкім де қарсы  емес. Тек халыққа түсіндіру жұмыстары кем болғанын айтады: «Мемлекет мұқтаждығына деп үйлер, нысандар сүрілуде. Түсініспеушілік болып жатқаны рас. Бұзылатын үйлер жайлы,  алдағы уақытта 2-3 жылға  жоспарларыңызды халыққа түсіндурге бола ма?».

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Кеше қабылдауыма  40 шақты адам келген. Қазір комиссия құрдық, сол комиссияда үй иелері де бар. Біз жерді кадастр бойынша, яғни, 88 мың теңге бағамен емес,  нарықтық (515 мың теңге) бағамен есептеудеміз».

Түркістан облыс орталығы болады деген сәттен жылжымайтын мүлік бағасы шарықтап кеткені тағы бар. Облыс әкімі үйлерді жоғары бағамен сатып отырғандарды да сабырға шақырды:» Дүниенің құнын сұрап жатқандар да бар. Ол да өз пайдасын көрмек. Мен осы азаматтарды түсіністік танытып, шынайы бағамен сатуларын  сұранатын едім.  Енді біз арнайы жер бөліп,  ол жаққа инфрақұрылым тартып, 6-8 соттық жер береміз. Үй салуды қарастырамыз».

Шынар Оразова