Ақмешіт үңгірі орналасқан жер телімі мемлекет мұқтаждығына қайтарылмақ

35

Түркістан облысында туризмді түлететін жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов айтты.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, бүгінде Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірімізге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген.
Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында биыл бірқатар ауқымды іс-шаралар өтпек. Атап айтқанда, 15-16 шілдеде халықаралық Eagles of Turkistan конкурсы, 22-23 шілдеде «Түркістан таулары» белсенді экологиялық туризм іс-шаралары, ақпараттық турлар ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар, биыл күзде, яғни 5-6 қыркүйек күндері Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен сегізінші отырысын өткізу көзделіп отыр. Аталған іс-шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта Түркістан облысының туристік әлеуетін ВВС телеарнасынан көрсету жоспарланып отыр. Осылайша, халықаралық телеарна арқылы Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі туристік нарықтарға таныстырылмақ.
Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылып отыр. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл ретте, нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарланған.
Брифингте Ақмешіт үңгірін туристификациялау жайы да сөз болды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізілмек.
Сондай-ақ брифинг барысында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-нің Бас директоры Мұхамеджан Мусалиев 14 шілде күні «Түркістан тв» телеарнасымен бірлесіп «TouristTime» онлайн телешоу бағдарламасы іске қосылатынын айтты. Ондағы басты мақсат – Түркістан қаласының мәдени және рухани орталығында туристердің қызығушылығын арттыру. Іс-шара барысында түрлі онлайн конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға облысымыздың туристік бизнес өкілдерінен арнайы жүлделер табысталады. Аталған іс-шара әр аптаның жұма күні көрсетіліп, жыл соңына дейін жалғасады.