Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. Онда әкім Шымкент қаласының болашақтағы даму көрсеткіштері екі бағыт бойынша жүргізілетінін мәлім етті.
«Бірінші — экономикалық өсім және халықтың табысын көтеру. Бұл көрсеткішке, сауда және логистика, сервис және туризм, баспана салу кіреді. Екінші — тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру. Бұл көрсеткішке, денсаулық сақтау, білім беру, қаланы абаттандыру кіреді. Осыған байланысты, қалада бірқатар жобалар іске асырылады»,-деді шаһар басшысы. Мәселен, көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша, «SСAT» әуе компаниясы Аэропорттың жаңа терминалының құрылысын бастайды. Сонымен қатар, желтоқсан айынан бастап «Шымкент – Дубай» бағытында тікелей әуе рейсі ашылса, «Шымкент – Қазан» бағытында әуе рейсін ашу жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Қазақстан темір жолы» компаниясы темір жол вокзалын қайта құру жұмыстарын осы жылы бастайтын болады. Сондай-ақ, құны 23 млрд. теңге ұзындығы 31 шақырым «А-2» айналма жолын қайта құру және құны 21 млрд. теңге ұзындығы 21 шақырым Ташкент бағытындағы даңғыл құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек, биыл Байтұрсынов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары және Адырбеков көшесіне қайта құру жұмыстары басталды. Әкімнің айтуынша, қоғамдық көлікті жаңарту үшін биыл отандық 1 мың автобус сатып алынса, көліктерге электрондық билет жүйесі енгізілетін болады.
Бұл бір жағынан көлік компанияларының жұмысын реттеуге, екінші жағынан графиктердің сақталуына жағдай жасайды. Кәсіпкерлік пен сауда саласын дамыту бойынша қаладан 136 гектар жер бөлініп, Агро-Индустриялы қаймақ құрылуда. Осы аймақта ауыл шарушылық өнімін өңдейтін кәсіпорындар және заманауи көтерме сауда орталығы ашылады. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру жоспарлануда.
Ал тұрғындардың өмір сүруге қолайлы жағдай жасау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, қалада 60 заманауи балалар алаңдары салынды, ол 22 мың адам тұратын 62 көпқабатты үйдің ауласын қамтиды. Цифрландыру аясында білім беру, денсаулық, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, транспорт салаларында жалпы 8 жоба іске асырылды. Мысалы, балабақшаға электронды кезекке тұру, 1-ші сыныпқа электронды қабылдау, Т-Hunter, Сергек, ДамуМед, Е-Шыңырақ жобалары. Сонымен қатар, 12 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Биылғы жылы қағаз түрінде ұсынылатын қызметтерді 80 пайызын электронды форматқа көшіру жоспарлануда.