Үй ауласын темір қабылдайтын орынға айналдырған азаматтың ісі сотта қаралады

350
Жаңа талаптағы темір-терсек қабылдау орны

Үй ауласын темір-терсек қабылдайтын бекетке айналдырғандар көп.

«Жаңа талаптағы» темір-терсек қабылдау орны

Солардың бірі — «Жаңа талап» ауылындағы Шардара көшесінде тұрады. Көршілерінен көптеп шағым да түседі. Бірі тыныштығымыз бұзылды десе, енді бірі қоқысханаға айналдық деп шағымданады.

Тұрғындар темір-терсек қабылдау орнымен көрші болғанды қаламайды

Аякөз Қуанышева, «Жаңа талап» ауылының тұрғыны: «Қайдан келіп жатқан темір. Қорғасын зауытынан тағы бір өндіріс орындарынан әкелінген темірлердің зияны барын кім тексеріп жатыр? Радиациясы дбар ма жоқ па? Балаларымыз бар, өзіміз аурумыз, мен 3-ші топтағы мүгедекпін».

Ал, ауласына темір қалдықтарын жинап, напақасын табатын азамат ешкімге зияным жоқ дейді. Осы кәсіппен отбасын асырап, жерлестерін жұмыспен қамтып отырғанын алға тартады.

Жеке кәсіпкер заңға бағынамын дейді

Ахат Рахмат, жеке кәсіпкер: «Көше ластанды деді оны тазаладым. Айыппұл салды, оны төледім. Радиация бар деп еді. Оны да санэпидемиологтар  келіп тексерді. Барлығы таза болып шықты».

Аймақ Абай ауданы әкімдігіне тиесілі. Мамандар тұрғындардың арызын арқалап жиі келеді. Бұған дейін ескетумен шектелгендерін де жасырмайды.

Ержан Саржан, Абай аудандық әкімдігінің өкілі: «Кәсіпкердің кінәсі- құжаттарды рәсімдемей, ауласында темір-терсек қабылдайтын бекет  жасап алған. Жер инспекциясынан келгендер бұл жекеменшік үйдің ауласында темір-терсек жинауға болмайды деп айтып кеткен. Учаскелік полицейлер Ахатқа айыппұл да төлеткен».

Ал жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларының айтуынша, темір қабылдайтын азаматқа айыппұл салынған. Әрекетін доғару жөнінде ұйғарым да шығарыпты.

Көпжасар Есқараев, аға учаскелік полиция инспекторы: «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505 бабымен 20 АЕК көлемінде  айыппұл салынған. Ескерту де жасалған. Жұмысын тоқтатпағандықтан  хаттама түзіліп, ҚР Әкімшілік құқықтық бұзушылық Кодексінің 505 бабымен 30 АЕК  айыппұл салдық».

Айыппұлмен ғана шектелетін кәсіпкердің көршілері сотқа жүгінбек. Ал өзі қандай шешім шықса да орындауға бел байлап отыр.

Шынар Оразова