Қуғынға ұшырағандардың кейбірін жастар танымайды. Жарық көрген «Ақ сұңқарлар» атты кітап сол олқылықтың орнын толтыруға арналған. Туындыны жапа шеккен боздақтардың ұрпағы жазып, жас толқынға аманат етті. Шығарманың мазмұны ең бірінші «Отырар» кітапханасында талқыланды.
1930 бен 1950 жылдар аралығы қазақ халқы үшін ең қиын кезеңдердің бірі. Басы ашаршылықпен басталып, соңы соғыспен аяқталған дәуірді кешегінің ұрпақтары бүгін ертегідей көреді. Бірақ болған оқиғаны ұмыттырмау үшін «Ақ сұңқарлар» кітабы жарық көрді. Басылымды зұлмат жылдарды көрген буынның балалары жазып шыққан.
200 беттен тұратын туынды ашаршылықта қиырға кеткен қазақтар жайын жеткізген. Бірі Өзбекстан асса, енді бірі Тәжікстанды паналаған екен. Ең арысы Америкадан табылған. Туған жерге жетудің жолын іздеген олар тек 1940 жылдан бастап ұлы далаға оралған. Әкесі теңіз асқандардың бірі Қасымбек Сексенбаев. Алғашында Мәскеуге отан қорғауға кеткен Сексенбай ақсақал кейін әлемнің батысынан бір-ақ шыққан екен.
Қасымбек Сексенбаев: «Бабасы жайлы адам баласы білуі керек. Олардың қалай өмір сүргендігін, қандай қиындықтарды басынан өткергенін. Осының есебін беріп жатқан біз бақыттымыз. Ұрпағымыз өсе берсін, өне берсін. Келешекте ұрпағымыз мұндай қиындықты көрмесін».
Тұсауы кесілген кітаптан бөлек «Отырар» кітапханасында алаш арыстары жайында деректі фильм көрсетілді. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша қазіргі балалардың басым бөлігі қуғынға ұшырағандарды танымайды екен. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін енді еске алу кештері жиі өткізіліп тұрмақ. Себебі тарихсыз болашақтың болмайтыны хақ.
Назерке Үкібасова