А.Байтұрсынов көшесін жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталады

266

А. Байтұрсынов көшесімен қатынайтын жаяу жүргіншілер мен темір тұлпарды тізгіндегендер біраз уақыт қиналатын түрі бар. Бұл көшені орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті. Құрылыстың алғашқы кезеңі 2018 жылы басталған болатын. Жолды жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылы толық аяқталады.

Құрылыстың алғашқы кезеңі №47 мектеп маңындағы жаяу жүргінші жолын жөндеуден басталды. Енді жол жиегіндегі қашыртқы арықтар ауыстырылып жатыр. Жалпы құны 1 млрд. 293 млн. теңгеге бағаланған. Сала мамандарының айтуынша жолдың ұзындығы төрт шақырымға жуық асфальт жабынғысы толық жаңартылып, кеспе тастармен жаяу жүргінші жолы төселеді. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сай веложолдар да қарастырылыпты.

А. Байтұрсынов көшесі Шымкенттегі қоғамдық көлік пен жаяу жүргіншілер көп жүретін көшелерінің бірі. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын дәл осы жерден өтетін, жол астындағы орталық жылу жүйелері жаңартылды. Соның барысында көшедегі асфальт жабынғысы жарамсыз күйге түсіп, көпшіліктен түскен шағым көбейген еді. Қала әкімі бұл көше қаладағы ең әсем көшелердің біріне айналуы тиіс деді.

Әзірге құрылыс Түркістан көшесі бағытынан бастау алды. Құрылысқа тапсырыс берушілердің сөзіне сенсек, көлік қатынысын қиындатпау үшін жөндеу жұмыстарын бірнеше бөлікке бөлінген.

Нұрлан Күдерұлы