Алтын қолды хирург өмірден өтті

632

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Мәди Биғалиев өмірден озды. Атақты хирург, профессор, медицина ғылымдарының докторы, өңірімізде трансплантологияның негізін салушылардың бірі, білікті дәрігер 63 жасына қараған шағында бақилық болды.

Трансплантология ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалым елімізде бұрын соңды болмаған оталарды жасаған болатын. Әрі бәрі де сәтті шыққан еді. 2010 жылы алғашқы рет бір мезетте бір науқастың жүрегіне, бауырына және өтіне операция жасаған болатын. Еліміздің айтулы дәрігерлерінің өзі ерлікке бергісіз мұндай отаға таңдай қаққан-тын.

Алтын қолдарымен талай адамды ажалдан арашалап қалған дәрігер ізін басарлық бірнеше ғылым кандидаттарын даярлар үлгерді. Білікті дәрігердің шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір- түкпірінде еселі еңбек етіп жүр. 37 жылдық тәжірибесі бар хирург 10 мыңнан астам ота жасаған екен. «Қолына скальпель аламаған бірде бір күні болмаған еді» деп еске алады үзеңгілестері.

«Отырар» медихолдингі Мәди Биғалиевтің отбасына, туған туыстарына қайғырып, көңіл айтады.