Қазіргі уақытта полицияда әлеуметтік желілер мен оның ресурстары арқылы алаяқтық жайттары жиілеп кеткені белгілі. Беделі бар танымал жарнамалық сайттарға сенім білдірген азаматтар арам пиғылдылардың құрбанына айналып, жәбірленушілер санын арттыруда.
Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының тәртіп сақшылары азаматтарға әлеуметтік желі қолданғанда сақтық шараларын ұстанып, әрбір жарияланған мәтінге баса назар аудару керектігін айтуда. Көп жағдайда арам пиғылдылар түрлі айла тәсілдерді қолданумен жеке басыңызды растайтын құжаттарыңыздың көшірмесін өткізіп алып, банк саласындағы таныс — тамырлары арқылы қарызға ақша алып, түрлі негіздегі кредиттерге кіргізіп, құжат иелерін сан соқтыртып кетеді.
«Арзан бағамен техника сатылады», «Жеңілдіктер!!!», «Онлайн аударма(ақшаға қатысты)», «Өте арзан» т.б осы секілді адамды елең еткізер сөздермен, әлеуметтік желідегі сайттарда жарияланып жатқан түрлі заттардың сатылу жарнамасына «Киви кошелек» деген атпен танымал болып жүрген қосымша арқылы банк кәртішкелеріне ақша аудару секілді әр түрлі жарнамаларға түбегейлі сенудің қажеті жоқ.
Әлеуметтік желі арқылы сауда-саттық жасағаныңызда тауар сіз орналасқан мекен-жайдан алшақ болып, басқа қаладан жеткізілетін болса, өзіңіздің сол қаладағы жақын адамдарыңыздың көмегіне жүгіне отырып тауарды тыңғылықты тексеріп көргеніңіз жөн. Сол қадамдардан өткеннен кейін сенімді болған тауарыңызды сатып алсаңыз болады. Үнемі ойыңыздағы сенімді болған іс әрекетіңізді, ақша аударымыңызды біршама тексеріс сатыларынан өткізіп барып жасауды әдетке айналдырыңыз.
Полициядағы тәжірибемізге сүйене отырып айтар болсақ, алаяқтардың құрбанына көп жағдайда тез сенгіш адамдар тап болып жатады. Мәселен, алаяқ сіздің сеніміңізге жақсылап кіріп алғаннан соң банк кәртішкесіне немесе есеп шотына қажетті соманы аудартып алады да, соңынан өзіңіздің соңғы ақшаңыздың өзгенің шотына аударып жібергеніңізді түсініп сан соғып қаласыз. Кейбіреулер тіпті мұндай жағдайдан кейін дертке шалдығып, соңы өліммен аяқталатын жағдайлар да кездеседі.
Сондықтан осындай ауыр соғатын жағдайлардың алдын алу үшін, ешқашан ешкімге өзіңіздің жеке куәлігіңізді, банк кәртішкелеріңіздің көшірмесін бермеңіз, мейлі ол ватсап немесе мессенджер арқылы болса да. Сондай-ақ, онлайн банк арқылы ақша аударымын жасау өте қауіпті. Әлеуметтік желіде пайдаланатын логин мен пароліңіздің де қандай екенін кез-келген адамға айта бермеңіз.
Егерде сіз қандай да бір қылмыстық оқиға мен алаяқтардың құрбаны болсаңыз, уақыт созбай тез арада полиция қызметкерлеріне хабар беріңіз немесе полицияның 102 нөміріне қоңырау соғыңыз. Оған қоса айтарымыз, міндетті түрде әлеуметтік желі мен телефон алаяқтары туралы қандай да бір сұрақтарыңыз туындап жатса, Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының 8(72533)5-85-82 нөміріне қоңырау соғыңыз.
ТО ПД-нің Криминалдық полиция басқармасы