Әуелеген әсем әнімен талайларды тамсандырған Әсима Тілектестің кеші өтті. Мадина Ералиеваның ерекше дауысымен үндес әншінің концертіне жиналғандар көп болды. Кештің аты да «Мәдина салған әндері-ай» деп аталады. Ұлт аспаптар оркестрімен жанды дауыста орындалған ән кеші расында керемет өтті.
Кең диапазонды, құлаққа жағымды әсем үнді әнші Мәдинаның орындауындағы әндерді әуелетті. «Сағым жылдарды» айтып, сағындырды. «Күрең күзді» айтып күрсіндірді. «Көктем вальсін» орындап көңілдерге көктем орнатты. Кең даладай мол тынысты дауысымен кенен жүректерді түгел баурап күміс күмбірге, шетсіз шексіз дария сезім мен сырға кенелтті. Күміс көмей әншінің өзі концертке аз ғана уақыт дайындалғанын айтып отыр.
Әсима Тілектес, әнші: «Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияға жұмысқа қабылданғаныма 1 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт аралығында көргенім, білгенім, түйгенімді халыққа арнасам деп отырмын. Бүгінгі концертімді «Мәдина салған әндер-ай» деп атадым. Неге олай деп сұрағандар да бар. Мәдина Ералиева апамыздың салған әндерін сағынбаған адам жоқ шығар. Ол кісінің марқұм болғанына 17 жыл болыпты, шырқаған әндері насихатталмай қалды. «Көшірме, дауысы қатты ұқсайды екен» деп айтып жатқандар да жоқ емес. Ұқсастықта да мән бар шығар. Мәдина апаммен бір өңірде өмірге келіппін. Дауыс тембрімнің ұқсастығы да бар. Оның үстіне мен пародия салып, «мен Мәдинамын» деген мақсатта емес, өнерді ұлықтау мақсатында концерт беруді қолай көрдім. Концертке 1 айдай ғана дайындалдым. Бала күнімнен айтып жүрген әндерімді сахнада шырқамақпын».
Дара дарынды жоғары бағалайтын кез келді. Фонограммамен айтатын, көшірме әншілерден жұрт жалықты. Нағыз талант иелері жарқырап жарыққа шығатын, халық әнін іздеп жүріп тыңдайтын уақыт жетті. Жүйрікті шабысынан, талантты талабынан танитын қағілез көрерменнің өзі де мойындап отыр.
Қалыкүл Есімова, көрермен: «Әсима әншінің дауысы керемет екен. Жанды дауыста ән орындағаны ұнады. Әсем әнін тыңдауға келгендер тіптен көп».
Концертте жанды дауыста бас аяғы 20 ән орындалды. Ал Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен 11 ән шырқады. Қазақтың рухын көтеретін, керемет әндерді көрермен әншімен бірге қосыла орындады.
Кенже Сегізбаева, продюсер: «Бүгінгі концерттің орны ерекше болып тұр. Әсима қайталанбас ерекше дауысты әнші. Кішкене жарнаманың арқасында 350 орындық залға көрермендерді сыйдыра алмай жатырмыз. Бұл әншінің дауысының кереметтігінде. Қазақтың өнерін дәріптейтін халқымыз аман болсын, дарынды жас әншілер көбейе берсін. Халық барда, өнерді сүйетін ел барда қазақтың өнері өркендей береді деген сенімдемін».
Саз тылсымындай жұмбақ та сиқырлы дауыс талай кеудеге күмбірлеген күй орнатқаны сөзсіз. Күнгейден тағы да бір бұлбұл үнді әнші шықты. Таланттан кенде емес қазақтың ән тарихында жарық жұлдыз болып жарқырайтыны айқын. Әсима Тілектестің келешекте шетел сахналарын бағындыратын бірегей жұлдыз болатынынан үміттіміз.
Гүлжан Көшерова