Бас дәрігер күйеуі тастап кеткен үшемнің анасына көмектесті

517

Шымкенттік бас дәрігер күйеуі тастап кеткен үшемнің анасына көмектесті. Т.Орынбаев атындағы гипербарилық оксигенация орталығың бас дәрігері Мадина Ермаханбетова жалғыз басты анаға қомақты қаржылай көмек беріп, алты бала-шағасына киім-кешек алып берді.

Шымкент қаласында үшемді дүниеге әкелген көпбалалы ана Фозила Досметованы күйеуі осыдан төрт ай бұрын тастап кеткен. Жас келіншектің үшемді дүниеге әкелетінін естіген ер азамат, жүкті әйелін тастап тайып тұрған. Үшемге жүкті әйел тағы үш баласымен пәтер жалдап, осы күнге дейін әрең күн көріп келген.

Өлместің күйін кешкен жалғыз басты анаға жақында демеушілер көмек көрсетіп, қаланың орталығынан 3 бөлмелі пәтерді жалға алып берді. ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев көпбалалы ананың жағдайына бей-жай қарамай, жергілікті демеуші азаматтарды жұмылдырды.

Фозила Досметованың қазір алты бала-ашағасы бар. Үш баласы мектеп жасында. Оқушы балалардың киім-кешегін, отбасыға қажетті азық — түлікті және өзге де қажеттілктерді Мадина Ермаханбетова өзінің қаржы есебінен алып берді.

Қаладағы медициналық орталықта басшылық қызмет атқаратын қайырымды азаматша мұнан бөлек ата — анасының қарауынсыз қалған балаларға көмек көрсеткен еді. Бас дәрігер үшін көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру тұрақты әдетке айналған.

Лаура Нақыпқызы