«Донерная» ашқым келеді. Неден бастаймын?»

1682

Жаз басталды. Стрит-фуд, яғни көше тағамдарының саудасы қызатын тұс. Құйылмалы балмұздақ, түрлі тәтті сусын, лаваш, шаурма және тағы басқа тағамдарға сұраныс артады. Көше тағамдарын сататын дүңгіршек ашу қиын ба? Санитарлық талаптарды қалай сақтайды? Кәсіпкерге қойылатын талаптар қандай? Бүгінге мақаламыз осы мәселені қаузайды.

 

Көше тағамдарын сататын дүңгіршек ашу аса қиын емес

Тез дайындалатын, әрі жұғымды лаваш, шаурма сататын дүңгіршектер бүгінде тастың үстіне шыққан мүктей қаптап кетті. Бір көшенің бойынан оншақтысы тізіліп тұрады. Әрі алармандары да көп. Әйткенмен дәл осы кәсіп түрін ашып, ары қарай алып кету, нарықта ойып тұрып орын алу оңай емес…
Кейіпкеріміз Мұрат – жас кәсіпкер. Кәсібін бастағанына да көп уақыт өте қоймады. Әу баста бұл саланың ұңғыл-шұңғылынан хабары болмаған. 24 сағат бойы жұмыс істейтін лаваш орталығын ашу үшін нарықты әбден зерттепті. Бір тұтынушы «еттеріңіз халал ма?» деп сұрапты. Жалған сөйлегенді жаны сүймейтін кәсіпкер білмейтін айтады. Содан сатып алушының бұл сөзі көп ойға қалдырған. Нанын адалдап тапқанды басты ұстаным еткен кәсіпкер содан іздене бастайды. Бүгінде шаурма, лаваш сататындардың кейбірі көбіне импортталатын тауық етін пайдаланатыны белгілі. Оның халал стандартына сай келетін не келмейтініне мән беретіндер аз. Сондықтан лавашқа, самсаға пайдаланатын өнімді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мөрі басылған халал етті сатып алуды құп көреді.

Мұрат Сәрсенбаев, кәсіпкер:
«Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға барынша жағдай жасалып отыр. Кәсіпкерлік нысанын ашуда соншалықты кедергілер көп деп айтпас едім. Тек құжаттарың түгендесе болғаны. Сауда нүктемізді жалға алып отырмыз. Сол үшін қожайынмен келісімшартымыз бар. Кіріс басқармасында тіркеліп, кәсіпкерлік куәлігін алғанмын. Өрт қауіпсіздігін тексеру, санитарлық жағдайын тексеріп, мазаны ала бермейді. Әрине санитарлық жағынан тазалық болуы керек. Тарақан, құрт құмырсқа қаптап кетпеуі үшін өзіміз шақыртып, дезинфекция жасатып тұрамыз. Бұл үшін қаржысын төлейміз. Соған да арнайы келісімшарт жасасқанбыз. Ал сатып жатқан өнімдерімізге яғни, еттің лицензиясы бар»

Сонымен мұндай кәсіпкерлік нысанын ашу үшін қандай санитариялық талаптар қойылады? Сауалымызға ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Қызбек Зекенова жауап береді:
– Негізінде самсахана, лаваш, донер, шаурма, гамбургер, хот-дог, бургер, балмұздақ, сусын сату нысандары эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз топтағы нысандар тобына жатады. Эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз топтағы нысан субъектісі ҚР 2014 жылғы 16 мамырдағы №202-V ҚРЗ «Рұқсаттар мен хабарламалар» туралы Заңына сәйкес кәсіпкер жергілікті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жұмысының басталғаны туралы хабарламаны ұсынуы қажет. Хабарламаны жергілікті «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы да, басқарманың «Бір терезе» қағидасы арқылы да ұсынуға болады. Ашылған нысан қызмет көрсету саласына байланысты санитариялық қағидаларға сәйкес болуы тиіс. Мемлекеттік қызметті ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және оның аумақтық бөлімшелері көрсетеді. Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру:
1) көрсетілетін қызметті беруші;
2) www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады,-дейді маман.

Салық төлеу тәртібі қалай?

Кәсібінің нәсібін көріп отырған кәсіпкер өз саласынан қатысты бар заң талаптарынан да хабардар болуы тиіс. Егер сол талаптардың үдесінен шықпаған жағдайда заң басынан сипамайды. Соның бірі салық төлемдерінен дер кезінде құтылу. Мемлекеттік кірістер басқармасында тіркеліп, куәлік алғаннан кейін кез келген кәсіпкер бақылауда болады. Олардың тапқан табысынан әлбетте қазына қоржынына салық түсімі түсуі тиіс. Егер де салық төлемеген жағдайда кәсіпкерлігін жауып тастауға дейінгі шаралар қолданылады.

Абай Айтқұлов, Абай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:

«Жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келген азаматтар кіріс басқармасында тіркеліп куәлік алғаннан кейін салық жүктемелерін тапсыру жүйесін өзі таңдайды. Ол патент бола ма, жоқ салық мағлұмдамасының оңайлатылған нысаны бола ма (упрощенка) таңдау өз еркінде. Осы бойынша 1 ай, 3 ай, 6 ай сайын таңдау түріне қарай салық төлеп отырады. Егер патентті таңдаса, тапқан табысынан 2 пайыз, оңайлатылған жүйе болса (упрощенка) 3 пайыз салық төлейді. Кәсіпкерлердің дені патентті таңдайды»

Жер жалға беріледі, сатылмайды…

Көше тағамдарын ашу үшін ең алдымен әрине дүңгіршек орналасатын орын керек. Бұл үшін жер телімін алу керек. Бүгінде кәсіпкерлік нысаны үшін жер сатылмайды. Жалға беріледі.

Алтынбек Мырзаев, Жер инспекциясы басқарма басшысының орынбасары: «Мемлекеттің жеріне салу үшін бірінші өтініш қала әкіміне беріледі. Ол фронт офис арқылы түседі. Қалалық әкімдік оны архитектураға, жер қатынастары бөліміне жолдайды. Жер қатынастары сол жердің бос не бос еместігін анықтайды. Бос болса, қандай мақсатқа пайдаланасыз, соны көрсетесіз, сосын жалға береді. Қазіргі таңда конкурстық аукцион арқылы беріледі. Конкурстың тізімі қалалық мәслихатпен бекітіледі. Конкурс өткізілетін күні белгіленеді. Өтінімнің үлгісін толтырып өткізу керек. Ең алдымен бизнес жоспар болуы қажет. Капитал бар ма, жоқ па, банктен несие аласыз ба, жоспарда бәрі көрсетілуі тиіс. Лаваш сатасыз ба, дәмхана ашасыз ба, құрал жабдықтарын алу керек осының бәрі бизнес жоспарда көрсетіледі. Кәсіпкерлік жерлер тек жалға беріледі. Ертеңгі күні мемлекет мұқтаждығына алатын кезде тегін қайтарылатын болады»

Кәсіпкердің уайымы – өрт қауіпсіздігі

Тексеруші тараптың бірі өрт сөндіру қызметі. Кәсіпкерлердің «үрейін ұшыратын» органның бірі болатын. Дегенмен өрт қауіпсіздігі талаптары сақталынуы да қажет. Сала мамандарының айтуынша, бүгінде тексеру талаптарына өзгеріс енгізіліпті. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасына қарасты мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің басшысы Ғалымжан Мұратов: «Кәсіпкерлік субьектілерін тексеруге мораторий жариялануына байланысты өртке қарсы қызмет бөлімінің аталған нысандарды тексеруге құқы жоқ. Мұндай рұқсат алынып тасталған. Оның үстіне көше тағамдарын сататын орындар кіші нысандарға жатады. Тек арыз түскен жағдайда, не болмаса кәсіпкердің өз тарапынан тексеру жұмыстарын жүргізсеңіздер деп өтініш түсірген жағдайда ғана тексеру жүргізе аламыз. Жоспарлы түрде, не болмаса ерекше тәртіппен тексеріс жүргізуге рұқсат жоқ» дейді.

Кәсіпкер құқын қалай қорғайды?

Бүгінде бұрынғыдай емес, кез-келген тексеруші орган жеке кәсіпкерлік нысанын себепсіз тексеруге құқы жоқ. Ол үшін заңмен негізделген себеп болуы керек. Жеке кәсіпкерлік нысанына тексеру жүргізу «ҚР мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңымен реттеледі. Сондықтан да әрбір тексеруші келгенде кәсіпкер өз құқығы туралы жан-жақты сауатты болуы тиіс. Кәсіпкерлерді тек қана бақылау-қадағалау функциялары берілген мемлекеттік органдар ғана тексеруге құқы бар екенін білген жөн. Кіші және орта бизнес нысандарын тексерудің екі түрі бар. Ішінара және жоспардан тыс тексеру. Ішінара тексеру кәсіпкер өз міндетін орындамаған жағдайда, яғни, салық төлемеген, заң талаптарын орындамаған жағдайларда жүргізіледі. Ал жоспардан тыс тексерулер прокуратура, құқық қорғау органдарының талап етуі бойынша жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің өтініші бойынша тағайындалады. Бұл үшін алдын ала кәсіпкерге тексеру туралы хабарлама берілуі тиіс. Ол әлбетте жазбаша түрде беріледі. Ерекше тәртіп бойынша тексеру және ішінара тексеру кезінде – 1 ай бұрын хабарлама жолдануы керек. Ал жоспардан тыс тексеру кезінде – кемінде бір тәулік бұрын хабарлау қажет. 2016 жылы 1 қаңтарынан бастап жоспарлы тексерулер алынып тасталды, олардың орнына ерекше тәртіп бойынша тексерулер және ішінара тексерулер енгізілген болатын.
Тексеруші қандай құжаттарды көрсетуі тиіс?
1. Қалалық прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасында оның тіркелуі туралы мөртаңбамен тексеруді тағайындау туралы акт.
2. Қызметтік куәлік.
3. Тескеруге жататын талаптарды көрсете отырып, тексеру парақшасы.

Аталған құжаттар тексерушіде әлбетте болуы тиіс. Егер де бұл құжаттар тексерушіде болмаса, кәсіпкер құқысының бұзылғаны жайлы тиісті органдарға арыздануына болады.

Тексеру нәтижелері қалай ресімделеді?

Тексеруші тексеруден кейін оның нәтижесі туралы акт жасауы тиіс. Ол екі дана болады. Біреуі кәсіпкерге табыс етіледі. Егер кәсіпкердің өз тарапынан ескерту немесе қарсылық болса, жазбаша түрде баяндап, актіге қосуына болады.
Егер кәсіпкер құқығы бұзылса: прокуратура жанындағы мобильді топқа жүгінуге болады, ол құқық бұзушылық орын алған жерге шығады. Мобильді топтардың телефондары Call-орталық бөлімінде, Бас прокуратураның сайтында орналастырылған. Call-орталық нөміріне (115) немесе «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының байланыс орталығына (14-32) хабарласуы керек. Бас прокуратураның «Бизнес тірегі» порталына өтініш жазуға болады. Кәсіпкерлер Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілге ombudsmanbiz.kz сайтына жүгіне алады. Әрбір келіп түскен өтінішті бизнес-омбудсмен аппаратының қызметкерлері бақылап отырады. Сонымен қатар «Qamqor – бизнесті қорғау» – әрбір кәсіпкерге арналған қалта көмекші құралы іске қосылған. «Qamqor» мобильдік қосымшасына арыз түсіруге болады.

Тұтынушы қайда арызданады?

Күнгейдің шіліңгір шілдесінде көше тағамдарының тез бұзылатыны бар. Түрлі ішек инфекцияларының да өршитін кезі. Ашып кеткен тағамнан уланып қалған жағдайда тұтынушы өз құқығын қорғай білуі тиіс. Сатып алатын тамақ өнімінің самса, донер, лаваш, балмұздақ, сусындардың өз денсаулығына зиян келтірмейтін, сапалы не сапасыз екенін қалай анықтайды? Уланса, дәмі ұнамаса, ашып кеткенін және тағы басқасын байқаса, қайда шағым түсіреді?

Жанар Кудаярова, ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы: «Тұтынушы тағам өнімдерін сатып алу кезінде өнімнің қорабында көрсетілген таңбалауға көңіл бөлуі қажет. Өнімнің қайда өндірілгеніне, құрамына, өндірілген күніне, жарамдылық мерзіміне, сақтау жағдайына, қосымша басқа қандай қоспалар қосылғаны көрсетілгеніне көңіл аударған жөн. Тұтынушы сатушыдан өнімдердің қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарын сұрауына болады. Олар сәйкестік туралы декларация, сәйкестік туралы сертификат, ветеринарлық анықтамасын сұрауына құқылы. Тағамнан уланған, ашып кеткенін байқаса, тұтынушы ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне немесе аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларына арыз-шағым түсіре алады. Ал жеке кәсіпкердің тамақ өнімін сату нысаны, сататын өнімі талапқа сай, адам денсаулығына зиян емесін анықтау үшін облысымызда «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК ОҚО бойынша филиалында бактериологиялық, санитариялық-гигиеналық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. ҚР БП бекітілген тексеру кестесіне сәйкес, эпидемиялық маңыздылығы жоғарғы және орта топтағы нысандар аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларымен ерекше тәртіп бойынша тексерумен қамтылады. Тексеру барысында сатылатын, өндірілетін өнімдердің қауіпсіздігін қадағалау мақсатында және зертханалық жоспарға сәйкес тағам үлгілері алынады. Ал тұтынушы тамақ өнімінің қауіпсіздігіне қалай сенеді, сатушыдан қандай құжаттарын сұрауына болады дегенге келсек, кез-келген нысан қызметкері тамақ өнімдерін қабылдауды және өткізуді оның қадағалануын қамтамасыз ететін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттар бар болғанда жүзеге асырады. Сондықтан тұтынушы тамақ өнімін сатып аларда оның қауіпсіздігін растайтын құжатты талап етуі қажет.

«Южное» ісі: қанша нысан тексерілді?

Шымкент қаласында «Южное» дүңгіршегінен балмұздақ сатып алған 188 адам уланып ауруханаға түскен болатын. Кейіннен тексеру нәтижесі бойынша сатушылардан стафилакокк таяқшалары табылған еді. Артынша аталған індет ошағы жабылып тынды. Дегенмен мұндай оқиғалардың қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Осы оқиғадан кейін облыс прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, эпидемиялық маңыздылығы елеусіз топқа жататын нысандарға жоспардан тыс жалпы 226 нысан тексеруден өткізіліп, соның ішінде жұмсақ балмұздақ сататын 106 нысан тексеріліпті. Тексеру барысында зертханалық зерттеуге 437 тағам сынамасы алынып, оның 90-нан «оң» нәтиже анықталған. Яғни, (стафилакокк, ішек тобы таяқшаларының бактериясы және мезофильноаэробты факультативті анаэробты микроағазалар) табылған. 1007 гигиеналық сүртінді алынып, оның 118-і «оң» нәтижелі яғни, стафилакокк, ішек тобы таяқшаларының бактериясы анықталды. Сонымен қатар, 146 дүңгіршек қызметкерлерінен тосыннан бактериотасымалдаушылыққа сынама алынып, 4 қызметкерде стафилакокк қоздырғышы анықталыпты. Анықталған кемшіліктер бойынша барлық нысандардың жауапты тұлғаларына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалары толтырылып, 104 нысанға жалпы соммасы 3 643 575 теңгеге айыппұл салынған. Анықталған кемшіліктерді жою үшін 101 ұйғарым берілді. Сонымен қатар, медициналық байқаудан өтпегендігі үшін 21 қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілген. Жұмсақ балмұздақ сататын кәсіпкерлер мен сатушылар арасында жалпы саны 935 адамға «эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз топтағы нысандардың рұқсаттама және хабарлама беру тәртібі туралы» және «Тамақтан уланудың алдын алу» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Гүлжан ЖҰМАШ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №23, 6 маусым 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті