Түркістан облысының прокуроры Келес ауданының тұрғындарымен кездесіп, 10-ға жуық азаматтарды жеке қабылдады.
Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі – ауданның тергеп-тексеру органдары мен соттың тұрғын үй мен жер дауы жайлы қабылдаған шешімдеріне келіспеушілікке қатысты болды.
Жеке қабылдау барысында сұрақтардың бірқатары заңға сай түсіндірмелер беру арқылы өз шешімін тапты. Ал, қосымша зерделеу мен сараптауды қажет ететін өтініштер одан әрі қарау үшін қабылданып, бақылауға алынды.
Аудан активімен кездесуде облыс прокуроры бірінші кезекте тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, елді мекендерді көркейту, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ кәмелет жасқа толмағандарға қатысты құқық бұзушылықты төмендету мен ұлттар арасындағы кикілжіңдердің алдын алуға тиісті шаралар қолдану туралы аудан прокуроры мен әкіміне нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар облыс прокуроры шекара аймағын қарап шығып, шекара аумағына орналасқан «Достық» аулының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру мәселесін тілге тиек етті. Алдағы уақытта басқа да аудандарға шығу арқылы халықпен жүзбе-жүз кездесулер өткізу көзделуде.
Түркістан облысының прокуратурасы