Көлік ұрлығы бойынша Шымкент үшінші орында

403
Qamshy.kz

Қазақстандық сақтандырушылар бөтеннің көлігін қолды қылудан көш бастап тұрған өңірлерді атады.

Бас прокуратураның 2018 жылғы деректеріне сүйенген Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары криминалдық рейтинг жасапты. Олардың есебіне зер салсақ, көлік ұрлығының басым бөлігі 255 оқиға (немесе 10 мың адамға 13.8) тіркелген Алматыда болған екен. Десе де, 2017 жылдағы деректермен салыстырғанда бұл бірнеше пайызға төмен көрсеткіш. Екінші орында тұрған Қарағандыда 2018 жылы 108 көлік ұрлығы тіркеліпті. Ал үшінші орын Шымкенттің (51 ұрлық) еншісінде.

Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары көлік ұрыларынан ада екен. Ал жалпы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті берген деректерге сенсек, елде 2018 жылы 748 автокөлік қолды болыпты. Қылмыскерлер көбіне жапониялық көліктерге көз тігетін көрінеді.

Сөз реті келгенде айта кететін бір жәйт, біздің солтүстіктегі көршімізде көлік ұрлығынан Санкт-Петербург пен Ленинград облыстары, сонымен қатар Мәскеу мен Мәскеу облысы көш бастап тұр екен. РФ ІІМ берген деректерге сәйкес, 2018 жылы бұл елде 26 мың автокөлік қолды болған.

kolesa.kz