Шымкент тұрғынының көлігін бөтелкелес досы ұрлап кеткен

123

Шымкентте досының үйіне қонаққа барған ер адам бөтелкелесінің көлігін ұрлап кеткен.

Үйінің ауласында тұрған көлігін таппай қалған жергілікті тұрғын дереу полицияға хабарлаған. Айтуынша, темір тұлпарды үйіне қонаққа келген досы ұрлап кеткен болуы мүмкін. Себебі олар ішімдік ішіп, көңіл көтерген. Кейін үй иесі ұйықтап кетіп, қайта оянғанда досын да, «ВАЗ-2115»  маркалы көліктің кілтін де таппай қалған.

Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің көмегімен тәртіп сақшылары ұрланған көліктің қозғалыс бағытын анықтаған. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде автокөлік Түркістан облысындағы жеке үйлердің бірінің маңында тұрған жерінен табылды. Оны ұрлаған адам да осы жерден ұсталды. Ол тағы бір досына қонаққа келген екен.

Тексеру барысында күдіктінің жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған, сондықтан ол арнайы қабылдау орнына қамауға алынды. Ал көлік заңды иесіне қайтарылды.

Полиция хабарлауынша, аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.