Солтүстік облыстарда биыл қардың көп түсуі салдарынан су тасу қауіпі көпшілікті алаңдатып отыр. Ал Шымкент қаласында биыл жауын шашынның аз болуы көктемгі тасқынға айтарлықтай әсер етпейді. Соған қарамастын ТЖБ мен қала басшылығы өзендер мен каналдардың көзін ашу жұмыстарына кірісіп кетті.

Киелі Қошқар ата өзенінің суы көтерілгенімен жаға тұрғындарына айтарлықтай қауіп жоқ. “ЛТД Тұрмыс” мекемесінің техникалары өзен жағалауындағы қоқыстарды тазартып, арнасын кеңейтіп жатыр. Қала сыртындағы қоқыс полигонына күн сайын қоқыс тиелген 30 — ға тарта жүк көліктері жолға шығады. 15 шақырым өзеннің 3 шақырымы техникалық жолмен тазартылыпты.

Нығмат Жораев «Өзен жағалауын көлік жүретіндей етіп ашып жатырмыз. Енді үш шақырымдай аумағын тазаласақ, бұл өзеннің суы еш кедергісіз ағатын болады” дейді.

Қарқынды жұмысты көрген өзен жағалауындағы тұрғындар да биыл тасқын судан қауіп жоқ деп қуанып отыр. Десе де 15 шақырымдық Қошқар ата өзенінің жағалауы толық бетондалса деген өтініштерін жасырмады. Бүгінгі таңда өзеннің бастауы абаттандырылып, Бадам өзеніне құятын бөлігі бетондалған. Ол 5 шақырымды құрайды.

Биылғы көктемде Шымкент қаласында су тасқынынан қауіп жоқтығын төтеншеліктер де растап отыр, бірақ сақтық шараларын жасау керек дейді. Басты назар буырқанған Бадам өзенінде екен, себебі бастауын Сайрам судан алатын өзеннің суы кез — келген уақытта көтеріліп кетуі мүмкін.

Нұрболат Дербісов, Шымкент қалалық ТЖД бастығы: “Сайрам су өзенінің көпірін жөндеу керек. Бірақ ол Түркістан облысына қарайды. Ал біз Маятас маңындағыі өткелді жөндеу үшін қала әкіміне қаржы бөлуге ұсыныс тастадық. Бүгінгі таңда 50 млн. теңге бөлінді бюджеттен».

Қалай болғанда да, барлығы ауа – райына байланысты. Бүгінде мамандар 6 шақырымдық Қарасу мен 11 шақырымдық Жаңашек каналдарын да қолмен тазартып жатыр.

Нұрлан Күдерұлы