Сүрілетін үй. Келіспейтін тұрғын

440

«Үйіміз сүрілгелі жатыр. Қыс ауасында қайда барамыз? Сүрілетін үйіміздің өтемақысына берілетін сомаға сатып алатын баспана табылмай, қиналып отырған жайымыз бар», «Әкімдік ұсынған қаржы екі бөлмелі «времянка» сатып алуға ғана жетеді екен», «Түркістанның болашағы үшін барға қанағат етіп, ұсынған өтемақыға келістім». Алуан тағдыр, түрлі пікір.

Сонымен…
Түркістан қаласында жоспарға сәйкес 98 гектар жерді құрайтын екінші аймақ аталатын «Рухани-мәдени орталық» аймағына қажетті жерді дайындау мақсатында мемлекеттің мұқтаждығы үшін 168 нысанды, оның 14-і кәсіпкерлік, 154-і тұрғын үй қала әкімінің 2018 жылғы 16-қазандағы №1370 және 27-қарашадағы №1604 қаулыларына сәйкес қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан бері сондағы тұрғындардың тынышы кеткен. Бұған себеп те жоқ емес. Жері алынып, үйі сүрілетінін естіген түркістандықтар лайық өтемақы төленуін талап етеді. Енді біреулері берілген өтемақы сомасына келіседі.

Әкім баспана іздеп үй-үйді аралады

Гүлбахар Қайытова – жаңа қоныс іздеушінің бірі. Оның үйі Қ. А. Яссауи кесенесінің алдында орналасқан. Сүрілетін үйлердің қатарына кіреді. Айтуынша, үйінің іргетасы 1971 жылы қаланған. Күйген кірпіштен өрілген. 6 бөлмелі үйінің жалпы ауданы – 156 ш/метр. 10 сотық жерінде үлкен үйінен бөлек 2 бөлмелі жазғы асханасы, моншасы, сарайы, бау-бақшасы да бар.
– Алты баламыз бар. Қолымда 90 жастан асқан енем тұрады. Ол кісі қатерлі ісік ауруының IV сатысымен ауырады. Қайынсіңлім екі баласымен осында. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Енді міне «көшіңдер» деп жатыр. Бірақ қайда көшеміз? Үйімізді 15 млн 480 мың теңгеге бағалады. Бірақ бұл соммаға дәл осындай баспана сатып алу қиын. Тіпті, әкімнің өзімен бірге үй-үйді аралап, баспана іздедік. 6 сотық жері бар, өте ескі, қабырғалары құлағалы тұрған бір үйге бардық. «15 млн теңге» деді. Тағы бір үйге бардық. Үш бөлмелі «времянкі». Толық бітпеген. Сонда мен үлкен үйімді 3 бөлмелі кесек тамға айырбастаймын ба?-деп ашынады Гүлбахар Қайытова.

Сөзінен түсінгеніміз – күйген кірпіштен қаланған үйін қаланың шет жағындағы шикі кесектен салынған үйлермен пара-пар бағалапты. Соған разы емес. Айтуынша, қаланың орталығында мұндай үйлер 20-25 млн теңге шамасында саудаланып жатыр. Ақшасы жетпеген соң жер алып, үй салуды да ойлаған. «Жерді 5 млн теңгеге тауып, қалған ақшасына құрылыс материалдарын алсақ, үйді салып біткенше қайда тұрамыз, палаткада ма?» деп ашуланады.

«Үйіммен қоса кәсібім де «сүрілгелі» тұр»

Ал Сұлтанбек Дүйсенов – жеке кәсіпкер. Енді оның үйі сүріліп, кәсібі тоқтағалы тұр. Атап айтсақ, үйі, «Яссауи» қонақ үйі, қолөнер бұйымдары сатылатын дүңгіршегі сүрілгелі жатыр. 2002 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатын Сұлтанбек Дүйсенов кәсіп нысандарының құрылысын 2012 жылы бастаған. 5 жылда бітіріп, кәсібін енді жандандырғанында жері мемлекеттің мұқтаждығына алынған. Бұдан бөлек өзінің заңды жерінде бой көтеріп жатқан мейрамханасы «қызыл сызыққа» түскен. Ол үшін мемлекет тарапынан ешқандай өтемақы да алмаған.

Кәсіпкер қалған нысандарының арзымайтын ақшаға бағаланып жатқанына ашынады. «Жалпы шығыным – 100-120 млн теңге» деген кәсіпкердің бар мүлкін бағалаушы компания 84 млн теңгеге бағалапты. Кәсіпкер «бұл қаржы кәсіп бастауыма, үй салуыма жетпейді» деп қынжылады.
Бағалаушы мекеменің қорытындысымен келіспейтін Гүлбахар мен Сұлтанбек сияқтылар мұнда өте көп.

«Түркістанды түлетуге, оның мәдени, рухани орталыққа айналуына еш қарсылығымыз жоқ. Тек баспана мәселесін дұрыс шешіп берсеңіздер болғаны» деп отыр. Айтуларынша, бағалаушы-эксперт көптеген қателіктерге бой алдырған.
Тұрғындардың айтуынша, ұсынған өтемақыға қаланың орталығынан жақсы үй табу қиын. Көбісі ескі, жөнделмеген үйлер. Табылғанының бағасы аспандап тұр. Ал қаланың шетіне көшкілері жоқ.

Біріншіден – инфрақұрылым жүргізілмеген, екіншіден балабақша, мектеп мәселесі қарастырылмаған. Балаларының қатынап оқуына қиын. Жер алып, үй салу да қиын. Себебі, жер бағасы арзан емес. Үй салудың шығыны да шаш-етектен.

– Үйді бір-екі күнде бұзғанмен, екі-үш күнде сала алмайсыз. Кемінде 1-2 жыл керек. Өз баспанамызды 5 жылдап салғанбыз. Қазір берген ақшасына «жер алдық, құрылыс материалдарын алдық» делік. Үйді салып біткенге дейін далада тұрмаймыз ғой. Пәтер жалдаймыз. Оның ақысы тағы бар. Сонымен бұл ақша қай жыртығымызды жамауға жетеді? Далада қалатын түріміз бар,-дейді олар.

Қанағат қарын тойғызар

Нар тәуекелге бел буып, мемлекет берген қаржыны місе тұтқандар да баршылық. Сәбира Райқұлова – солардың бірі. Зейнеткердің сөзінше, кесененің қарсы бетіндегі Әмір Темір көшесінің бойында 10 сотық жері болған. Бір бөлігі тұрғын үй мақсатында, екінші бөлігі – кәсіпкерлік негізде рәсімделген.

– Тұрғын үй мақсатындағы жер телімінде әр қайсысы 5 бөлмелі екі үй салынған. Бірі – өзімнің атымда. Онда шалым екеуміз тұрамыз. Екіншісі – баламның атында. Отбасымен тұрады. Ал бизнес-орталығымда дүңгіршектер орналасқан. Тұрғын үйлердің әрқайсысы 7,5 млн теңгеден 15 млн теңгеге бағаланды. Бизнес-ғимаратым 17 млн теңге болды. Басқалар сияқты осы соманы азсынып, қасарысып тұрсам, Түркістанымыз қашан көркейеді? Ұзаса 10-15 жылдық өмірім қалды.

Түркістанның астана болғанын көрмейтін шығармын. Бірақ, балаларым, немерелерім көреді. Олар көрікті шаһарда өмір сүреді. Бұл менің сәл болса да соның түлеуіне қосқан үлесім болсын. Бәріне ризамын. Қазір жұрттар ашынған. Әр нәрседен пайда тапқысы келеді. Алла бір жағынан қысса, екінші жағынан береді. Сондықтан да бұған терісінен емес, оңынан қарау керек,-дейді Сәбира Райқұлова.

Өтемақысын алған зейнеткер ұлына «Оралман» шағынауданынан 8 млн теңгеге 5 бөлмелі жаңа үй сатып әперген. Өзі шалымен бірге туыстарының үйінде тұрып жатыр.
– Қашанға біреудің үйінде тұрасын? Сол үшін 3 млн теңгеге жер сатып алдым. Үйді бұзатын кезде, әкімдіктегілер «қажет құрылыс материалдарын алып кетуге болады» деді. Енді көктемде асарлатып, сатып алған жерден үй көтереміз. Балам мен оның жолдастары көмектеседі ғой,- дейді ол.

98 гектар жер қайтарылады

Тұрғындардың уәжіне қатысты жауап алу және Қ.А.Яссауи кесенесі маңында салынатын нысандардың жай-жапсарын білу үшін қалалық әкімдікке бардық.
Қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың айтуынша, «Рухани-мәдени орталық» аймағына қажетті жерді дайындау мақсатында Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы 98 гектар жер телімі мемлекеттің мұқтаждығына қайтарылады.

– Мемлекет мұқтаждығына алынатын жердің әр соттығына 515 мың теңге, сол жерге салынған нысанның әр шаршы метріне 55 мыңнан 90 мың теңгеге дейінгі көлемде өтемақы тағайындап отырмыз. Бағалау шамасы үйдің қандай құрылыс материалдарынан салынғанына, мерзіміне, іргетасына, ішінің әрленгеніне қарай беріледі. Бүгінгі таңда 96 нысанның иесінің келісімін алдық. Олардың 35-іне мемлекеттен 399 млн 157 мың теңге көлемінде өтемақы төленді. Қаржысы толығымен төленген нысандардың 22-сі сүрілді. Бұзу жұмыстары әлі жалғасуда. Қалғандары рет ретімен, кезек-кезегімен сүріледі. Өкінішке қарай, 44 нысанның иесі келіспей отыр.

Олардың ісін сотқа жолдадық. Бұл тұрғындар бағалаушының қорытындысына разы емес. Біз мұндайда тұрғындарға лицензиясы бар тәуелсіз сарапшыны өз есебінен шақыртып, бағалау жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік беріп отырмыз. Сол тәуелсіз сарапшы мен Алматылық «Экспо-оценка» мекемесі жүргізген сараптама қорытындыларын сотқа жолдаймыз. Қай бағалаушының қорытындысы негізінде өтемақы төленуі керек екені жөнінде шешімді сот шығарады. Бұдан бөлек 29 нысанның тұрғындарымен әлі де келіссөз жүргізілуде. Олар ойлануға уақыт сұрап жатыр,-дейді қала әкімінің орынбасары.

Әкім орынбасарының сөзінше, Қызылорда тас жолы бойында бос жатқан мемлекеттік жер бар. «Үй саламын» дегендерге әкімшілік сол жерді беруге де дайын. Таңдауына қарай 4, 5, 6, 10 сотық жер телімдері ұсынылады. Әркім өз жерінің аумағына қарай таңдай алады. Бірақ, бағалау кезінде көрсетілген өтемақысы сомасынан жердің сомасы шегеріліп тасталады екен. Тек нысанның қаржысы беріледі.

Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңінде сүрілген жердің орнына 7 мемлекеттік ғимарат, яғни, Әзірет Сұлтан сапар орталығы, ғылыми кітапхана, субұрқақ, сауда орталығы, амфитеатр, Ұлы дала Елі орталығы, Қ.А. Яссауи музейі салынажы. Содан кейін құрылыс жұмыстарының екінші кезеңінде жеке инвесторларды тарту көзделген.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат» газеті, №5, 30 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті