Республикалық мәртебе алған Шымкент шаһарының әкімі уәдесінде тұрды. 1-наурыздан бастап Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктер «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін тегін тасымалдайтын болды. Осы жүйені енгізу үшін көлік бөлімінің мамандары қызу жұмысқа кірісіпті. Сонымен көктемнің алғашқы күнінен бастап қай санаттағы азаматар тегін жүретін болады?
Шымкентте соңғы төрт жылдан бері «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері қоғамдық көліктерде тегін тасымалданып келеді. Қала әкімдігі мен көлік компаниялары арнайы меморандум жасасқан. Бірақ бұл құжатты автобус жүргізушілерінің бірі мойындаса, енді бірі келіспей, талай анамызды жолда түсіріп кеткен болатын. Енді мұндай, келеңсіздік болмайды.
Сала мамандарының есебі бойынша осы санаттағы аналарды тегін тасымалдау үшін көлік компанияларына төленетін өтем шығыны 600 млн. теңгеге жуық. Ал жалпы Шымкент қаласында тіркелген әлеуметтік тұрмысы төмен көпбалалы аналардың саны 31 мыңнан асады.
Олардың барлығы автобустарда тегін жүргізу үшін шамамен жылына бюджетен 1 млрд. 700 млн. теңге қаражат жұмсау қажет. Қазір жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесі енгізілу тетіктері талқыланып жатыр. Жаңа жүйеге көшсе де, көпбалалы аналар тегін жүру құқығынан айырылмайды.
Бұл ұсынысқа көлік компаниялары қарсылық танытады. Тек электронды төлем жүйесін енгізуді жеделдетсе деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, жанар — жағар май қоғамдық көлік мекемелері үшін зауыт бағасымен берілсе деген өтініштерін де айтып қалды.
Дархан Қаюпов, жолаушыларды тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы: «Өңірімізде зауыт бар. Өзімізде бар бекеттерде жанармайды 170 теңге, жарғармайды 165 теңгеден берсе кез — келген көлік компаниясына жеңіл болар еді».
Қалай болғанда да наурыздан бастап шаһардың алтын құрсақты аналары қоғамдық көлікте тегін жүреді. Айта өтейік, Шымкентте 2 мың «Алтын алқа», 6 мың «Күміс алқа» иегерлері бар.
Нұрлан Күдерұлы