«U:hack». Шымкентте осындай жаңа форматпен, жобаны әзірлеуге идеядан прототипке дейін, екі күндік ауқымды идеялар фестивалі өтеді.

Жарыстың ерекшелігі сол — үміткердің ой-тоқтамы 24 сағаттың ішінде жүзеге асырылып (құрастырылып), ұсынылуы тиіс. Сондай-ақ, игі жоба бір емес, 4 бірдей бағытты қамтиды. Яғни, қатысушылар контент және медиа, видео және кино, ақпараттық технологиялар мен кәсіпкерлік бойынша бақ сынайды. Ал жобалардың қоғамға қажеттілігі мен сапасын білікті, тәжірибелі сала мамандары бақылап отырады. Және жеңімпаздарды да тиісті төрешілер анықтайды. Ал осынау игі бастаманы «U:projekt» қоғамдық бірлестігі қолға алып отыр. Оған қазірдің өзінде, 1500-ге жуық адам өтінім беріп үлгерген. Ал жеңімпаздарға қаржылай қолдау ретінде 2 миллион теңге өзара үлестіріледі.«Басты демеушіміз — «Shymkent» ӘКК» АҚ болғанымен, біз фестивальге белгілі кәсіпкерлер мен тәжірибелі сала мамандарын, инвесторларды арнайы шақырып отырмыз. Себебі қатысушылардың ұсынған жобалары қолдау тауып жатса, бұл — біздің жетістігіміз! Сондықтан, үміткерлерге тек қана сәттілік тілеймін! Және мол мүмкіндікті тиімді пайдаланса екен деген тілегіміз бар. Ал қатысушылардың өтініші бүгін, 1-ақпан, түнгі сағат 00:00-ге дейін қабылданады», — дейді фестивальдің ұйымдастырушысы Ермек Мамыраев.

Ұйымдастырушылар бұл ауқымды жобаны енді әрмен қарай жалғастырып, тіпті жылына 2 рет қолға алуды көздеп отыр. Айта өтейік, фестиваль ертең, 2-ақпан күні, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратында, сағат 10:00-де басталады.

Мөлдір Бекеева