«SHYMKENT» ӘКК-ына 105 млн теңгеге жуық айыппұл салынды – прокуратура

163

«SHYMKENT» ӘКК кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылып, шамамен 105 миллион теңге айыппұл салынды.

Қалалық прокуратураның хабарлауынша, ӘКК кәсіпкерлермен келісімшарт жасау кезінде шарттық міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін әртүрлі пайыздық айыппұлдар қолданғаны анықталған. Мысалы, ЖШС-нің бірімен бірлескен қызмет туралы жасалған келісімге сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі бұзушылықтар үшін ӘКК 0,01% мөлшерінде айыппұл төлеуді міндеттеген. Ал осыған ұқсас бұзушылықтар үшін басқа ЖШС-ге 5% қолданылған.

Айтарлықтай айырмашылық пен әртүрлі шарттардың талаптарын қолдану кәсіпкерлердің құқығын өрескел бұзған. Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабына сәйкес үстем жағдайға ие нарық субъектілерінің басқа тұлғалардың заңды құқықтарын бұзатын әрекеттеріне тыйым салынады.

«Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты прокуратураның уәждерімен келісіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ӘКК кінәлі деп танылды. Және «SHYMKENT»  ӘКК-ына  104,7 млн теңге айыппұл салды (нарық субъектілерінің үстем жағдайын теріс пайдалануы). Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ» делінген прокуратура мәліметінде.

(Фото: freepik.com)